
Қарағанды тұрғыны елордада сапармен жүріп, біреудің эксваторын мініп кеткен, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Бүгін таңғы сағат 5 кезінде 102 каналына теміржол вокзалы маңында экскаватор іске қосылып тұрғаны жайында және оның кабинасында жүргізушісі ұйықтап отырғаны туралы хабар келіп түсті. Оқиға орнына жедел түрде полицейлер жетіп, жүргізушіні ұстады. 30 жастағы ер адам полицияның аумақтық басқармасына жеткізілді. Белгілі болғандай, ол алкогольге масайған күйінде біреудің техникасын мініп кеткен», - делінген қалалық Полиция департаменті мәліметінде.
Тексеру барысында аталған адам Қарағанды тұрғыны екені және экскаваторшы болып жұмыс істейтіндігі анықталды. Ол елордада досының үйіне қонаққа келген. Кейіннен алкогольдік ішімдікке масайған күйінде көшеде тұрған біреудің экскаваторын оталдырып, мініп жүре берген. Ер адам бұдан кейін не істегенін білмейді, тек полицейлер келген кезде ғана есін жиған.
«Экскаватор иесі өзінің техникасын құрылыс нысанына жақын жерге қойған екен. Техниканың жоғалғаны жайында полиция қызметкерлерінен білген», - деп аталып өткен хабарламада.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.
