12 қаң, 2017 сағат 10:14

Марат Тәжин Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды

Марат Тәжин Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.

"Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары болып тағайындалсын, ол Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылсын", - делінген Ақорданың сайтында.

Сондай-ақ, бүгін Мемлекет басшысының Жарлығымен Бағлан Асаубайұлы Майлыбаев Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары қызметінен босатылды.

Марат Тәжин осыған дейін де Президент Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары қызметін 2002 жылдың тамыз айынан 2006 жылдың сәуір айына дейін атқарған.

Марат Мұханбетқазыұлы Тәжин 1960 жылы 8 сәуірде Ақтөбеде дүниеге келген. Қазақстанның мемлекеттік қызметкері, ҚР бұрынғы сыртқы істер министрі (2007-2009 жылдар аралығында), социология ғылымдарының докторы. 1981 жылы Алматыдағы Халық шаруашылық институтын "экономист" мамандығы бойынша бітірген. Ұлыбританиядағы Лондон университетінде тәжірибе алған. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Президентінің Мемлекеттік кеңесшісі қызметін атқарды.

1999-2001 жылдары Президенттің Ұлттық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі көмекшісі қызметін атқарса, 2001 жылы Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы қызметіне келген.