Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ішкі істер министрі Марат Ахметжановты қабылдады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Ақордаға сілтеме жасап.
Президентке еліміздегі криминогендік жағдай туралы мәлімет берілді. Ведомство басшысының айтуынша, қылмыстық істер көрсеткіші 7,6 пайызға төмендеген. Соның ішінде денсаулыққа ауыр зақым келтіру, қарақшылық, тонау, мал ұрлығы, бұзақылық, алаяқтық және зорлау деректері айтарлықтай азайған.
Министр қаңтар оқиғасы кезінде жасалған қылмыстарды тергеп-тексеру, кінәлілерді анықтап, жауапқа тарту, ұрланған қаруларды заңсыз айналымнан алу жұмыстары жөнінде есеп берді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы қауіпсіздік мәселелерін қоғаммен серіктестік орнату арқылы шешуге негізделген полицияның сервистік моделінің енгізілу барысымен танысты.
Марат Ахметжанов Президентке Ішкі істер министрлігінің қызметін бюрократиядан арылту, цифрландыру және жұмыс үдерісін автоматтандыру, ішкі рәсімдерді оңтайландыру жөнінде баяндады.
Бұдан бөлек ол үдерістерді жедел басқару үшін Big Data талдау құралдарын пайдалана отырып, криминогендік жағдайды мониторингтеу үшін ІІМ-нің Ахуалдық сараптама орталығының құрылғаны жөнінде баяндады.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа Жол жүру ережелерін қасақана бұзғандарды анықтауға бағытталған «Қорғау» деп аталатын жаңа бағдарлама таныстырылды. Министр Мемлекет басшысына Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында бағдарламаны қолдану арқылы жүргізілген жұмыстардың нәтижелері туралы айтты.
Сондай-ақ Президентке Қауіпсіздік мәселелерін азаматтық қоғаммен серіктестік орнату арқылы қамтамасыз ету тұжырымдамасының жобасы әзірленіп жатқаны жөнінде мәлімет берілді.
Кездесу қорытындысы бойынша Президент полицияның сервистік моделін одан әрі енгізу, елімізде азаматтардың қауіпсіздігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Осы ретте Мемлекет басшысы жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы жауапкершілікті қатаңдату қажет екенін ерекше атап өтті.