02 қаз, 2021 сағат 17:43

Маңғыстауға қоқиқаздар келіп жатыр


Маңғыстау облысында тағы да қоқиқаз видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Квадрокоптермен түсірілген бейнежазбаны жергілікті блогер Азамат Сәрсенбаев жариялады. 

Оның айтуынша, жүздеген қызғылт қоқиқаз Маңғыстаудағы Қаракөлге келіп қонған. Олар қараша айының ортасына дейін осында мекендеуі керек. Одан кейін Иранға қарай ұшады.

Еске салсақ, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының шет жағындағы Кіші Талдыкөлге бір топ қоқиқаз ұшып келгені хабарланған болатын. 

Эко-белсенді Сәкен Ділдахметтің айтуынша, құстың бұл түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген және әлемде оның 10-нан астам түрі кездеседі.

«Қоқиқаздар біздің елге Африка, Түрікменстан, Ауғанстан елдерінен ұшып келеді. Сәуір айында келіп, күн суытқанша (қыркүйек, қазан айларына дейін) болады. Қоқиқаздардың елордаға жақын жердегі негізгі мекені Қорғалжын қорығы, оларда сонда мекендеп, көбейеді. Мамандардың айтуынша, елімізге жыл сайын 100 мыңға жуық қоқиқаз ұшып келеді екен. Оның ішінде Ақмола, Қостанай, Жамбыл және Маңғыстау облысының аумағын мекендейді. Талдыкөлге келсек, мамандардың мәлімдеуінше, мұнда кіші және үлкен 100-ден астам құс мекендейді. Оның қатарында қоқиқаз, аққу, қаз, үйрек, шағала, бірқазан және тағы басқа құстар бар. Талдыкөлге келген бұл қоқиқаздың биылғы балапандары. Олар жылы жаққа ұшпас бұрын осындай көл мен көлшіктерге тоқтап, әл жинап, одан әрі ұшады», - дейді Сәкен Ділдахмет.