12 там, 2021 сағат 20:44

Маңғыстаудағы қуаңшылыққа не ықпал етті – АШМ


ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушы Ербол Қарашөкеев елдегі жемшөп дайындау мен Маңғыстау мен Қызылорда облыстарындағы құрғақшылық салдары туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бүгінде климаттың өзгеруі жаһандық жылынудың салдары екенін және құрғақшылық жиілігі артып келе жатқанын бәрі түсінеді. Қазіргі құрғақшылық сияқты ауа райында өзгерістердің болатыны күтілді, тиісінше мұндай сценарийге алдын-ала дайындалу керек еді. Өкінішке орай, биылғы жыл оған дайын болмағанымызды көрсетті. Қарапайым мысал келтірейін. Ғалымдардың мәліметінше, біздің елімізде жыл сайын мал азығы зоотехникалық қажеттілік нормасынан 2 есе аз өндіріледі. Жем-шөптің осы көлемінің шамамен 70%-ы негізінен табиғи шабындықтарда және жайылымдарда жиналады, олардың өнімділігі тікелей ауа-райына байланысты болады. Мұнда мал өнімділігінің төмен болуының негізгі себептерінің бірі жатыр», - деді Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. 

Оның айтуынша, Қазақстанда ауыспалы егістегі жем-шөп дақылдарының үлесі шамамен 15%-ды құрайды, бұл ғылым ұсынған көрсеткіштен 2 есе төмен. Яғни, мал шаруашылығын дамытудың негізгі қағидаттары бұзылып, алдын ала жем-шөп базасын нығайтпай, мал басы көбейді деп айтуға болмайды. Сонымен бірге, асыл тұқымды аналық малды жаппай импорттау да мал шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру бағдарламасының дамуын айтарлықтай тежеген. 

«Маңғыстау облысын мысалға келтірсек, Кеңес заманында мұнда барлық мал түрінен 732 мыңға жуық бас болған. Мұндай мал басы үшін 3 400 шахта және құбырлы құдық, жалпы ұзындығы шамамен 260 км болатын 43 тоған мен су құбырлары салынды және жұмыс істеді. Мемлекет жайылымдарды жақсарту және олардың өнімділігін сақтау жөнінде шаралар жасаған. Қазір облыста 840 мыңға жуық мал бар, яғни олардың жалпы саны 15%-ға артты. Ал құдықтардың саны 2 500-ге дейін қысқарды, әйтсе де 2014-2020 жылдары 387 құдық пен ұңғыма салынған және қалпына келтірілген. Оған қоса, жайылымдардың өнімділігін арттыру шаралары қолға алынбаған. Яғни, қатты құрғақшылық кесірінен жайылымдар жоғалып жатыр», - деп түсіндірді спикер. 

Оның пікірінше, ауа райы факторларына қарамастан саланың тұрақты дамуына кепілдік беретін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Ең алдымен, егіншілікте нақты әртараптандыруды жүргізу қажет. Оған қол жеткізу үшін ең алдымен жерді пайдаланушылар ғылыми негізделген ауыспалы егісті қатаң сақтауы қажет. Екіншіден, жем-шөп дақылдары үшін суармалы жерлерді кеңейту керек. Үшіншісі – Жем-шөп дақылдарының тұқым шаруашылығын дамыту. Төртіншісі – пайдаланылатын жайылым жерлерінің өнімділігін арттыру және олардың аумағын кеңейту.

«Жайылым аумағын кеңейту мәселесіне келсек, мұндағы негізгі проблема оларды суару болып отыр. Осы уақытқа дейін министрлік жүргізген жұмыс тек жандандыруды ғана емес, оны тиімді және жоғары нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік беретін жаңа платформаға ауыстыруды да қажет етеді. Бұл мәселені шешу алдағы уақытта біздің басымдықтарымыздың бірі болады», - деді министрдің міндетін атқарушы.