18 қар, 2017 сағат 12:17

Маңғыстауда тұрмыстық қатты қалдықтарға арналған контейнерлер жетіспейді

Маңғыстау облысындағы елді-мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтарды салатын контейнерлер 30% қамтылған. Ал қоқыстарды жинау және тасу жөніндегі қызметімен 100% қамту үшін, 2020 жылға дейін контейнерлерді көбейту көзделген. Бұл туралы Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы бастығының уақытша міндетін атқарушы Есенқос Әділбаев мәлімдеді.

Бүгінгі күні барлық қалалар, аудан орталықтары және Жетібай ауылының тұрмыстық қалдықтарға арналған арнайы полигондар аздық етуде. Өткен жылы облыстың ірі елді-мекендерінің экологиялық жағдайын жақсарту мақсатында Манғыстау ауданының Шайыр, Тұщықұдық, Жыңғылды ауылдарының, Қарақия ауданының Болашақ, Мұнайшы ауылдарының, Бейнеу ауданының Бейнеу ауылының және Түпқарған ауданы Қызылөзен ауылдарының тұрмыстық қатты қалдықтарын көму полигондары құрылысының техникалық-экономикалық негіздемелері жасақталған.

Қазір Ақшұқыр, Таушық және Ақжігіт ауылдарының тұрмыстық қатты қалдықтарын көму полигоны құрылысының жобалық сметалық құжаттары дайын. Мұнайлы ауданы Басқұдық аулындағы ескі тұрмыстық қатты қалдықтарды көметін полигонды рекультивациялау жөніндегі мәселесі қарастырылуда. Полигонды рекультивациялау құны 1017,0 мың. теңге.

Алдағы уақытта, Ақтау қаласында тұрмыстық қатты қалдықты өңдейтін зауыттың құрылысы басталмақ. Мәселен, Жаңаөзен қаласындағы қоқыс өңдейтін зауыт өз жұмысын 2014 жылдың қыркүйек айында бастады. Қуаттылығы – жылына 50 000 тонна. Зауыт 2015 жылы 6535 тонна, 2016 жылы 3444 тонна тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптады және кәдеге жаратты. Қазіргі уақытта зауыт кейбір кеспе, тротуар плиткалар, черепица және т.б. сияқты полимерлік бұйымдардың түрлерін шығарады.

Ақтау қаласынан қоқысты қайта өңдеу бойынша зауыт және аудан орталықтарында қоқыс сұрыптаушы цехтар салыну жоспарда бар. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін, биліктегілер инвестор іздеуде. 

Сонымен қатар, жыл сайын облыс әкімдігінің қаулысымен елді мекендердің аумақтарын санитарлық тазалау, абаттандыру және көгалдандыру бойынша іс-шаралар жүргізілуде.

"Биыл елді-мекендер аумақтарын санитарлық-гигиеналық және эклогиялық жай-күйін жақсарту мақсатында, көгалдандыру, абаттандыру және санитарлық тазарту іс-шараларын өткізу туралы әкімдіктің № 39 қаулысы қабылданды. Тазарту шараларына 10333 адам қатысып, 186 техника жұмылдырылып, 4046,5 тонна қоқыс арнайы полигондарға тасып шығарылды және 495,5 га аумақ тазартылды, сонымен бірге 5594 ағаш, 1028 бұта, 22 м2 гүлзар отырғызылды", - дейді Есенқос Әділбаев.

Сондай-ақ, 2015 жылы аймақтар арасында алғаш рет Астана қаласынан кейін Ақтауда жергілікті бюджет есебінен энергоүнемдеуші сынапқұрамды шамдар жинау мен жою бойынша жоба енгізіліп,  сынапқұрамды шамдар мен құрылғыларды жинауға арналған арнайы 27 контейнер орнатылған.

Сынапқұрамды шамдарды жинау мен қолдану қауіпсіздігі туралы тұрғындар арасында үгіт-нәсихат жұмыстары жүргізіліп келеді. Осылайша, Ақтау қаласында сынапқұрамды шамдарды жинаудан бастап жоюға дейін бір кластер құрылды.

2016 жылы 121 935 дана, 2017 жылдың I жартыжылдығында 39 339 дана сынапқұрамды шамдар кәдеге жаратылды. Ақтау қаласындағы сынабы бар шамдар мен аспаптарды жинау, тасымалдау және демеркуризациялау, арнайы контейнерлерді ұстау жұмыстары одан әрі жалғасуда.

Маңғыстау облысы бойынша 2020 жылға дейін қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы арнайы кәсіпорындармен өзара әрекеттесу, тұрмыстық қатты қалдықтарды бөлек жинауды, сұрыптауды, кәдеге жаратуды және қайта өңдеуді ендіру бойынша "Жол картасы" жасақталған.

Дайындаған Кәмшат ІЗБАСАРОВА