20 қаң, 2021 сағат 13:08

Маңғыстауда соңғы 30 жылда алғаш рет төртем дүниеге келді

Ақтаудағы Ана мен бала орталығының ұжымы төртем мен оның анасын салтанатты түрде үйіне шығарып салды, – деп хабарлайды Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникация орталығы.

Ақтау қаласының тұрғыны Самира Гасанова 2020 жылдың 15 желтоқсан күні босанған болатын. Жүктілік кезеңі ауыр болғандықтан дәрігерлер әйелді жүктіліктің 30-шы аптасында операция жасап, босандырып алған. 1 ұл мен 3 қыз дүниеге келді. 25 жастағы келіншек осылайша бірден көпбалалы ана атанды. Сәбилер - отбасының тұңғышы.

«Қуанышымды жасыра алмай тұрмын. Ата-анамыздың төбесі көкке жеткендей болды. Балаларымның аман-есен жарық дүниеге келуіне себепші болған дәрігерлерге отбасымның атынан алғысымды айтамын», - дейді Самира Гасанова.

Төртемдердің бірі - 1 келі 390 гр болса, ең кішісінің салмағы - 1 келі 190 гр. Шақалақтар күш жинағанша 36 күн бойы перинаталдық орталық дәрігерлерінің жіті бақылауында болды. Анасының да, балаларының да денсаулығы жақсы дейді дәрігерлер. Ата-анасы нәрестелерді Расул, Фанара, Айла және Нарин деп атады.

«Былтыр біздің орталықта 8610 бала жарық дүние есігін ашты. Оның ішінде 2 үшем мен 147 егіз бала дүниеге келген», - деді Маңғыстау облыстық Ана перинаталдық орталығының дәрігер неанотологы Тойдық Жұмағамбетова.

Маңғыстау облысы бала туу көрсеткішінен республика бойынша соңғы 3 жыл бойы көш басында келеді. Былтыр аймақта 21753 сәби дүниеге келген.