23 шіл, 2020 сағат 12:41

Маңғыстауда провизорлық стационарға түсетін науқастар саны 2,5 есе азайды

Мұнайлы аудандық ауруханасына екі апта бұрын бір күнде 60-қа жуық науқас короновирус белгілерімен жүгінетін болса, қазіргі таңда бұл көрсеткіш төмендеген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мұнайлы орталық аудандық ауруханасы дәрігерлерінің мәлімдеуінше, аудандағы фильтр кабинетіндегі дәрігерлерге қаралатындар саны салыстырмалы түрде азайған. Мәселен, орталықта бес фильтр кабинеті жұмыс жасап тұр. Осыдан екі апта бұрын мұндағы ақ халаттылар күніне 60-қа жуық науқасты қабылдайтын. 

Атамекен ауылындағы фильтр кабинетінің дәрігері Махаббат Абдашеваның айтуынша, осы аптада дертіне ем іздеп келушілер қатары едәуір сиреген. Бұл - қуантарлық жағдай.

«Әсіресе, пневмония өте көп болды. Бір күнде 40-60 адам қабылдадық. Соның 35-і - пневмония, 15-і - ЖРВИ белгілерімен келетін»,- дейді Махаббат Абдашева.

Ауданда 40 орындық провизорлық стационар жұмыс істеп тұр. Бұдан бөлек, 12 оттегі концентраты бар.

«Қазіргі ахуал бәрімізге белгілі. Індет өршіп, ауру дендегендер саны артты. Бірақ бір-бірімізді қолдау арқылы бұл қиындықты да еңсеретініміз анық. Көмек қолын созған жанашыр азаматтар мен кәсіпкерлер аянып жатқан жоқ. Жақында Біріккен Араб Әмірліктерінен де гуманитарлық көмек өңірімізге жетті. Қолдау білдіріп, дәрігерлер мен емделушілерге көрсеткен қолдауларыңызға алғыс айтамыз. Карантин жарияланғалы ауырып ем іздегендер саны азайды. Ауданда науқастардың ем-домына қажетті оттегі баллондарымыз да бар. Дәрі-дәрмек жеткілікті. Аудандағы провизорлық орталыққа жергілікті кәсіпкерлер де барынша қолдау көрсетуде», - дейді Мұнайлы орталық аудандық ауруханасы директорының міндетін атқарушы Жанар Досжанова. 

Маңғыстау облысына Біріккен Араб Әмірліктерінен келген гуманитарлық көмектің бір бөлігі Мұнайлы ауданындағы провизорлық стационарға жеткізілген болатын. Оның ішінде 600 комбинезон, 100 қорғаныш көзілдірігі, 1600 бір реттік халат әкелінді. Бұдан бөлек, 2 ӨЖЖ аппараты жеткізілді. 

Айта кету керек, бұған дейін ауданда өкпені жасанды желдету аппараты болмаған. Провизорлық орталық бұл аппаратты алдағы уақытта ауыр жағдайдағы науқастарды облыс орталығына жеткізу үшін қолдануды жоспарлап отыр.

Жалпы, облыс бойынша коронавирус инфекциясы және пневмония бойынша жағдайдың тұрақтанғаны байқалады.

Жедел жәрдем стансаларына түсетін шақырту саны азайды. Облыстық жедел жәрдемге шілде айының басында барлығы 900 шақырту түссе, қазіргі таңда облыс бойынша 595 шақырту түскен. Яғни, облыс бойынша шақыртулар саны 305-ке азайған.

Сондай-ақ, провизорлық стационарға түсетін науқастардың саны екі еседен аса қысқарды. Күніне 250-ден 100-ге дейін. Соңғы аптада жазылып шыққан науқастар саны күніне 150-ге жетті.