18 қаз, 2021 сағат 15:08

Маңғыстауда көлік түйемен соқтығысып, бір адам қаза тапты


Маңғыстауда көлік түйемен соқтығысып, бір адам қаза тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қайғылы оқиға «Бейнеу-Боранқұл» тасжолында болған. Облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, 17 қазан күні сағат 00:30 шамасында Бейнеу полиция бөліміне «Бейнеу-Боранқұл» тасжолындағы жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама келіп түскен. 

1949 жылы туған жүргізуші «ГАЗ-3110» автокөлігімен келе жатып, жолға атып шыққан түйені қағып кеткен. 

«Нәтижесінде бір жолаушы жарақат алған. Өкінішке қарай, ол оқиға орнында қайтыс болған», - делінген баспасөз хабарламасында. 

Полицейлер жол көлік оқиғасына себепші болған түйеге жарық беретін лента және құлағына сырғасы тағылмағанын анықтады. 

Сотқа дейінгі тергеу барысында жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайлары анықталуда. Қажетті сараптамалар тағайындалды.