04 қаң, 2022 сағат 16:40

Маңғыстауда қоғамдық штаб құрылды


Маңғыстау өңірінің елге белгілі бірқатар азаматы сұйытылған мұнай газының бағасын реттеуге атсалысатын қоғамдық штаб құрылғанын мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қадірлі маңғыстаулықтар, сұйытылған мұнай газ бағасының Маңғыстауда күрт өсуіне байланысты халық наразылығын білдіруде. Ел өзінің уәжін билікке жеткізіп, талаптарының орындалуын сұрауда. Бұл - дұрыс деп есептейміз. Осы мәселеге байланысты Маңғыстаудың бірнеше азаматы қоғамдық штаб ұйымдастырды. Штаб мүшелері осы ауылдың өздеріңіз танитын жігіттерінен құралып отыр. Әлеуметтік желіден және тікелей телефондарымызға Маңғыстаудың азаматтары шығып, осы іске араласауымызды сұрауда. Елдің бірлігі, халықтың тыныштығы, Маңғыстаудың амандығы бәріміздің ортақ абыройымыз, ағайын. Қоғамдық штабтың негізгі мақсаты – елдің талабын Үкімет комиссиясына жеткізіп, сұйытылған мұнай газ мәселесін шешуге атсалысу. Біз осыған жұмыстанамыз», - деді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин бейнежазбада.


Қоғамдық штабтағы азаматтардың нақты тізімі мынадай:

Еділ Жаңбыршин - ҚР Парламент мәжілісінің депутаты,

Самат Мұсабаев - ҚР Парламент мәжілісінің депутаты,

Аббат Өрісбаев - Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты,

Аят Сүгірбай - Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты,

Уәйс Ерсайынұлы - Ақтау қалалық мәслихатының депутаты,

Әнуар Бимағамбет - ақын, журналист,

Алтай Алмас - журналист.