12 қар, 2025 сағат 16:07

Маңғыстауда Каспий жағалауынан құстардың өлі денелері табылды

Фото: Lada.kz

Маңғыстау облысының Түпқараған ауданындағы Форт-Шевченко қаласы мен Қызылөзен, Аташ, Баутино ауылдарының маңында жүргізілген мониторинг жұмыстары кезінде құстардың өлі денелері анықталды, деп хабарлайды Lada.kz.

Бұл туралы Маңғыстау облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы мәлім етті. Тексеріс жұмыстарына аумақтық инспекцияның, балық инспекциясының және табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері қатысты.

Зерттеу барысында жағалаудың әртүрлі бөліктерінен 13 өлі құс табылған. Олардың арасында үйректер, суқұзғындар және шағалалар бар. Дегенмен, өлекселердің жағдайы нашар болғандықтан, талдау үшін үлгі алу мүмкін болмаған.

Инспекция аудан әкімдігіне тиісті қызметтер арқылы құс денелерін жою және шығару қажеттігі туралы хабарлама жолдады. Сонымен қатар, егер алдағы уақытта талдауға жарамды үлгілер табылса, зерттеу жүргізу үшін ветеринариялық қызмет мамандары тартылмақ.

Қазіргі уақытта жағалау аумағында мониторинг жұмыстары жалғасып жатыр.

Айта кетейік, бұған дейін Каспий теңізі жағалауынан 183 өлі итбалық табылған болатын.