Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Маңғыстауда Бозжыра шатқалында визит-орталығының құрылысы басталды. Жоба бойынша визит-орталықта саяхаттаушыларға барлық жағдай қарастырылады. Мұнда қонақ күту орталығы, этно-кафе мен глэмпингтер бой көтермек. Осы орайда Ult.kz тілшісі «Маңғыстау туристік орынға айнала ма?» деген сұрақтың жауабын іздеп көрді.
Кешен құрылысы отандық инвестордың жеке қаржысына жүзеге асырылмақ. Жоба авторларының айтуынша, визит орталығы экологиялық талаптарға және тұрақты туризм принциптеріне толықтай сай келеді.
«Визит-орталық қоршаған ортаға зиян келтірмейтіндей етіп жобаланған. Биологиялық тазарту жүйелері, қоқысты сұрыптап жинау, күн энергиясын пайдалану сынды шешімдер көзделіп отыр. Туристерге барлық жағдай жасау — басты мақсатымыз. Сонымен қатар қазақтың ұлттық тағамдары мен құндылықтарын насихаттауға да мән береміз», – дейді жоба жетекшісі Сәуле Жаңабаева.
Фото: Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жобада 17 глэмпинг павильоны, 50 қонақүй бөлмесі, жалпы аумағы 450 шаршы метр болатын визит-орталық пен этно-кафе қарастырылған. Туристік кешен 2027 жылы пайдалануға берілмек.
Қазiргi таңда Маңғыстау облысы бойынша 590 тарих және мәдениет ескерткiші мемлекеттiк тізімге енгізілген, оның iшiнде 20 ескерткіштің республикалық маңызы бар. Олар 350 археологиялық нысандар – тас дәуiрiнiң елдi мекендерiнiң орындары, қола және темiр дәуiрiнiң дiни-қабiрлеу кешендерi, орта ғасырлық Ұлы Жiбек жолындағы қалалар, бекіністер, керуен-сарайлар, сондай-ақ, үлкен-кіші сәулет туындылары шоғырланған 176 ансамбльді кешендер мен 64 сәулет және қала құрылысының ескерткіштері. Бұған қоса 900-ге жуық тарихи-мәдени мұра объектілері алдын ала есепке алу тізіміне енгізілген.
«2021 жылы «Маңғыстау түбегінің жерасты мешіттері» деген атаумен ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұраларының алдын-ала тізіміне Оғланды жеріндегі Бекет ата жерасты мешіті, Қараман ата, Шақпақ ата, Шопан ата және Сұлтан-үпі жерасты мешіттері енгізілген. Сондай-ақ, бұл тізімге «Жібек жолы: Еділ-Каспий маңы аралық коридор» сериялық трансұлттық номинациясы шеңберінде орта ғасырлық Сарайшық, Жайық қалашықтарымен қатар Маңғыстаудағы «Қызылқала қалашығы» да енгізілген.
Облыстағы сакралды нысандармен қатар, Шерқала, Бозжыра, Тұзбайыр, Ыбықты сайы, Торыш конкрециялық тастары тәрізді ерекше қастерленетін табиғи орындарға алыс-жақын шетелдерден келетін туристер мен қонақтардың саны күн санап артып келеді. Туристік бағытта орналасқан тарихи-мәдени ескерткіштерге жылдың көктем, жаз және күз мезгілдерінің барлық уақыттарында да сұраныстар тоқтаған емес. Олар облыстағы туристік қызмет көрсететін ұйымдар арқылы өз жолдарымен бара береді, кейде тарихи-мәдени қорықтың мамандарына гид-экскурсовод қажеттігін айтып, хабарласып жатады, көпшілік киелі орындарда келушілерге қоғамдық қорлар шырақшылық қызметін көрсетіп отыр», – дейді «Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының» директоры Нұрлан Құлбаев.
Маңғыстау – елімізде туристік саланы дамытуда үлкен мүмкіндігі бар аймақ. Бұл сөзіміздің дәлелі, маңғыстаулық кәсіпкер Берік Дауенов, Zhusan travel негізін қалап, өңірге келген туристер мен қонақтарды маңғаз Маңғыстаудың маңызды жерлерін аралатып жүргелі біраз жыл болды.
«Келушілердің қай қайсына да сол жер туралы оқығанымыз бар, көргеніміз, естігеніміз бар, тарихына қарай ерекшеліктерімен таныстырамын. Туристердің қызығушылығы, бізде ең хит болғаны 2020 жылы Бозжыраға қонақ үй салынудан басталды. Содан кейін көп адам тек Бозжыраны сұрайды. Мен клиенттерге одан басқа бірнеше табиғи орындар барын айтамын. Қанша күндік тур болса да, келушілер міндетті түрде Бозжыраны көрейікші дейді. Жалпы біздің Маңғыстауға туризм саласына қызығушылық пандемия кезінен басталды. Оған дейін қызығушылық болмады, адамдардың көп легі болған жоқ. Пандемия кезінде шекара жабылғанда адамдар сыртқа шыға алмады да, еліміздегі жерлерді аралай бастады. Оған дейін Ақтау десе, Каспий теңізі мен Бекет ата ғана ойға оралатын. Ал бізде одан басқа қаншама туристік орындар өте көп және олар бір біріне ұқсамайды», – дейді Берік Дауенов.
Мамандардың айтуынша, киелі жерлер немесе рухани қасиетті орындар – халықтың рухани дәстүрінің тірегі, ерекше қастерленетін табиғи жерлер, діни сәулеттің айрықша қастерлі ескерткіштері, кесенелер, халық жадында өшпес із қалдырған тарихи және саяси оқиғалармен байланысты орындар да бар. Алдағы уақытта, осы «киелі белдеудің» объектілері туризм индустриясы үшін өрлеу нүктесіне айналуы тиіс.
Ақбота Мұсабекқызы