07 қыр, 2020 сағат 12:14

Маңғыстау облысында соңғы 7 күнде коронавирус жұқтыру жағдайы тіркелмеген

Маңғыстау облысында соңғы бір аптада коронавирус жұқтырғандар тіркелген жоқ. Бұл туралы облыстың қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте Маңғыстау облысының тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Ғазиз Надуев мәлім етті.

«Соңғы 7 күнде короновирус жұқтыру жағдайы тіркелген жоқ. 27 наурыз бен 7 қыркүйек аралығында COVID-19 вирусын жұқтырған 3334 адам тіркелді. Оның ішінде 1140-да вирустың белгілері бар, 2194-нің белгілері жоқ. Облыста коронавирустың белгісі бар түрін жұқтырған 1140 науқас тіркелген болса, Ақтау қаласы – 467, Жаңаөзен - 157, Түпқараған - 38, Қарақия – 74, Маңғыстау – 41, Мұнайлы – 165, Бейнеуде 198 болды», - деді Ғ.Надуев.

Ол келтірген мәліметтерге қарағанда, облыста вирус жұқтырғандардың ішінде 74-і медицина қызметкерлері.

«Инфекция жұқтырғандардың ішінде медицина қызметкерлері - 74, мүгедектер - 9, жұмыссыздар - 283, оқушылар - 42, ұйымдаспаған балалар - 33, зейнеткерлер - 261, әскери бөлімдерден - 18, кен орнындағы Каспиан Фуд тамақтандыру мекемесінен – 9, әскерге шақырылғандардан - 4, Теңіз шеврОйл қызметкерлері - 35, өндірістік мекемеде - 129, мемлекеттік қызметкерлер – 24, студенттер - 21, тағы басқалар - 165, бала-бақша қызметкерлері мен мұғалімдер - 23, ішкі істер қызметкерлері - 10», - деді ол.

Бүгінде облысыта ПТР тәсілімен тест алатын барлығы 5 мемлекеттік және жекеменшік зертхана бар. Онда бүгінге дейін 107581 адам тексеріліп, оның 3334 оң нәтиже берді. Аймақтағы ұлттық сараптама орталығында бүгінгі таңда 9811 тест сынамасы бар.

Айта кетейік, 17-ші тамыздан бастап кезең-кезеңімен нысандардың ашылуына байланысты 5020 нысан жұмысын қайта бастады.