Облыстық «Ана мен бала» перинаталды орталығының дәрігерлері Covid-19-бен ауырған жүкті әйелді аман алып қалды. Науқастың өкпесіне 70% зақым келген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақтау қаласының тұрғыны Бақтыгүл Кабулдинаны перинаталдық орталыққа жедел жәрдем бригадасы жеткізді.
Ананың өкпесі зақымдалғандықтан, құрсақтағы бала жеткілікті оттегі алмады.
Жүкті әйел қандай жағдайда коронавирус инфекциясын жұқтыруы мүмкін екенін айта алмады.
«Бастапқыда аурумен өзім күрестім. Бірақ кейінірек өз бетімше емделу қателік екенін түсіндім. Қорқынышты болды. Ентігу күшейіп, жүрек тоқтап қалатындай сезім болды. Енді жақындарымды көрмеймін деп ойладым. Мен және балам дәрігерлердің арқасында аман қалдық. Перинаталды орталықтың медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз», - дейді әйел.
Айта кету керек, бұл - Бақытгүл Кабулдинаның отбасындағы бесінші бала. Қазір әйел өзін жақсы сезінеді.
Оған және баланың өміріне қауіп төндіп тұрған жоқ. Бірнеше күннен кейін олар перинаталды орталықтан шығарылады.

Облыстық перинаталды орталық базасындағы инфекция бөлімшесінде 40 әйел ем алып жатыр. Оның 5-еуі ауыр халде.
Олар жансақтау бөліміне ауыстырылып, ӨЖЖ аппаратына қосылған.
Дәрігерлер жүктілік респираторлық вирустық инфекция әсерінен ауыр аурулардың қаупін арттыратынын еске салады.
Сондықтан жүкті әйелдерге коронавирусты жұқтыру мүмкіндігін азайту үшін қатаң оқшаулау режимі ұсынылады.
Сонымен қатар, коронавирус инфекциясымен ауыратын әйелдер жүктілікті жоспарламас бұрын тексеруден өтуі керек.
Әсіресе сауыққаннан кейін екі айдан кейін ентігу кетпейтін әйелдер тексеруден өткені дұрыс. Өйткені, жүктілік кезінде ол тек күшейеді.





