Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінде өткен баспасөз конференциясында Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстанда міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі іске қосылды. Медициналық көмек ендігі кезекте МӘМС және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында көрсетіледі.
«МӘМС жүйесінің артықшылығы - азаматтар емхана мен дәрігерді еркін таңдайды, сондай-ақ сақтандыру бойынша Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен келісімшартқа отырған жеке меншік клиникаға да тіркеле алады», - дейді Сәуле Қисықова.
Оның айтуынша, 2020 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша Нұр-Сұлтан қаласындағы емханаларға 1 162 878 адам тіркелген. Жасалған келісімшарттың жалпы сомасы - 126 млрд теңге.
«Нұр-Сұлтан қаласында мың адам ешбір емханаға тіркелмеген. Осы орайда МӘМС жүйесі барлығына бірдей міндеттелгенін айта кету керек. Емханаға келген кезде базадан бәрі шығып тұрады. 1 сәуірге дейін әр адам МӘМС жүйесінде өз мәртебесін анықтап алуы керек. Яғни, өзін сақтандырып немесе жеңілдігі бар тұлғалар қатарына тіркелу қажет. Тегін медициналық көмек мемлекет жарна төлейтін 15 санаттағы жеңілдігі бар тұлғаларға қарастырылған», - дейді ол.
2020 жылғы медициналық көмек көрсетудің жаңа моделінің бірқатар ерекшеліктері бар.
«Бірінші деңгей - тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі. Екінші деңгей - міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Бұрын зертханалық жұмыстар, қымбат тұратын диагностика қолжетімсіз болса, биыл КТ, МРТ сияқты диагностикалау түрлеріне, зертханалық жұмыстарға, функционалды диагностикаға, стоматологиялық көмекке және басқа да медициналық қызмет түрлеріне МӘМС тарапынан 8 млрд теңге бөлінді. Болашақта оңалту жұмыстары үшін де қаржы бөлінеді деп жоспарланып отыр», - дейді Сәуле Қисықова.