10 қыр, 2020 сағат 13:41

МӘМС: Алматылықтар 3,6 млрд теңгенің консультативтік-диагностикалық қызметін пайдаланды

Биылғы жылдың бірінші жартысында алматылық медицина ұйымдары жалпы құны 3,6 млрд теңгеден асатын консультативтік-диагностикалық қызмет түрлерін көрсетті. Қызмет ақысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде төленді. Бұл туралы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қалалық филиалы директоры Тілеухан Әбілдаев мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Оның айтуынша, 2020 жылдың алты айында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде көрсетілген қызметтер үшін емдеу мекемелеріне 26,4 млрд теңгеден астам қаржы төленген. Қор халыққа көрсетілген қызмет ақысы медициналық көмектің сапасы мен көлемін тексергеннен кейін аударады. 

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылғалы бері азаматтар бұрын-соңды өз қалтасынан төлеп келген қызмет түрлерін ақысыз пайдалануға мүмкіндік алды. Мәселен, алты айда сақтандыру пакетіне енген диагностикалық қызметтер ішінде КТ, МРТ сынды қызметтерге сұраныстың артқаны байқалады», - деді филиал басшысы. 

Сонымен қатар, ол жыл басынан бері МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіле бастаған медициналық оңалту қызметіне деген сұраныстың артқанын атап өтті.