21 қаз, 2019 сағат 15:08

Мамин Мәскеуде өтетін Үкіметаралық кеңес отырыстарына қатысады

25 қазанда ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Мәскеу қаласындат өтетін екі бірдей халықаралық іс-шараға қатысады, – деп мәлімдежі Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров.

«25 қазанда Мәскеу қаласында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин ТМД Үкімет басшылары Кеңесінің кезекті отырысына қатысады. Отырыс барысында Үкімет басшылары достастық аясындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ағымдағы жағдайы мен перспективаларын талқылайды. Атап айтқанда 2011 жылы ТМД-ға қатысушы мемлекеттер қол қойған еркін сауда аймағы туралы шартты іске асыру, сондай-ақ ТМД мемлекеттері арасында қызметтердің еркін сауда туралы келісім жобасын келісу барысы туралы пікір алмасу өтеді» деді Смадияров.

Оның айтуынша, отырыс аясында заттар мен материалдардың құрамы мен қасиеттерінің стандартты үлгілерін жасау және қолдану бойынша ынтымақтастықты, сондай-ақ құқық қорғау саласындағы өзара іс-қимылды тереңдетуді көздейтін бірқатар халықаралық шарттарға қол қою жоспарланған. Іс-шараға қатысушылар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің қоғамды цифрлы дамыту саласындағы ынтымақтастық тұжырымдамасын және оны іске асыру жөніндегі бірінші кезектегі іс-шаралар жоспарын бекітеді. Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету стратегиясы мен 2025 жылға дейінгі кезеңде «құс тұмауы», «Ньюкасл» ауруымен күресу және алдын алу бойынша ТМД-да қатысушы мемлекеттердің бірлескен іс-қимыл кешеніне қол қою жоспарланып отыр.

Сондай-ақ, дәл осы күні 25 қазанда Мәскеу қаласында ҚР премьер-министрі Асқар Мамин Еуразиялық Үкіметаралық кеңес отырысының жұмысына қатысады.

«Осы жылғы бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкімет басшыларының төртінші кездесуі болады. Отырыс барысында Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы интеграциялық өзара іс-қимылдың бірқатар өзекті мәселелері қаралады. Үкімет басшылары қол жеткізлген уағдаластықтарды жүзеге асырудың аралық қорытындыларын жасап, Еуразиялық экономикалық одақтағы алдағы жұмыстардың бағыттарын анықтайды. Сауда экономикалық ынтымақтастықтың және мүше мемлекеттер арасындағы өзара сауданы кеңейту, Еуразиялық экономикалық одақтағы ішкі нарық аясындағы кедергілерді жою, экономиканың жекелеген салаларындағы интеграциялық әлеуетті дамыту мәселелеріне ерекше назар аударатын болады. Іс-шара барысында бірқатар келісімдерге қол қою жоспарланған» деді СІМ өкілі.