30 шіл, 2019 сағат 11:06

Мамин: "Бұл жоба елорданың қоғамдық көлігін дамытуға үлес қосатынына сенеміз..."

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мал шаруашылығын дамыту, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы, Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті транспорт жобасының құрылысын жалғастыру мәселелері қаралды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Мал шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша ауыл шаруашылығы министрі С. Омаров, «ҚазАгро» холдингінің басқарма төрағасы Е. Қарашөкеев, Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғ. Есқалиев, Қызылорда облысының әкімі Қ. Ысқақов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің орынбасары М. Тасмағанбетов, ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының басшылары — «Empire Food» компаниясының бас директоры А. Джавидан, «Макинск құс фабрикасы» компаниясының вице-президенті Р. Тоқсейітова баяндама жасады.

Мал шаруашылығы — еліміздің агроөнеркәсіптік  кешенінің жетекші саласы. 2019 жылдың бірінші жарты жылдығының нәтижесі бойынша мал шаруашылығында жалпы өнімнің көрсеткіштері 2018 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 10,5%-ға өсті, мал азығы дақылдарының егіс алаңы 19-ға ұлғайды.  

«Елбасы Н. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша аграрлық саланы сапалы дамыту, экономикадағы оның үлесін арттыру бойынша Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2021 жылға дейінгі мемлекеттік бағдарламасы қабылданды», — деп ҚР Премьер-Министрі, ҚР Президенті Қ. Тоқаев ауыл шаруашылығында еңбек өнімділігін арттыру және өңделген өнім экспортын дамыту бойынша міндеттерді белгілегенін атап өтті.

Биыл 15 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы агроөнеркәсіптік кешенге стратегиялық инвесторларды тарту міндетін қойған-тын.

Асқар Мамин әлеуетті инвесторлармен белсенді жұмыс жүргізіп, оларға қолайлы жағдайлар жасау қажеттігін айтты.

«Бұл жұмыс үнемі жүргізілуі тиіс. Біздің ортақ міндетіміз – салаға келетін инвестицияларды жыл сайын кемінде 30%-ға арттыру. 2020 жылға қарай 211 млрд теңгеге дейін, 2021 жылға қарай – 274 млрд теңгеге дейін ұлғайту қажет», — деді Асқар Мамин.

Жаңа сүт фермаларын салу арқылы өңдеу көлемін ұлғайту әлеуеті, сүт өңдеу көлемін 2022 жылға қарай 2,2 млн тоннаға жеткізудің барлық мүмкіндігі бар.

Ауыл шаруашылығы министрлігіне «Қазагро» холдингімен және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп,  сүтті-тауарлы мал шаруашылығының көлемін арттыру, отандық құс шаруашылығын дамыту, халал өнім экспортын дамыту шараларын қабылдау тапсырылды.  

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Р. Скляр, «Бәйтерек» холдингінің төрағасы А. Әріпханов, Маңғыстау облысының әкімі С. Тұрымов, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қ. Айтмұхаметов, Алматы облысы әкімінің орынбасары С. Бескемпіров баяндады.

2019 жылы шамамен 13 млн шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 500 мың шаршы метрге артық. Жыл сайын 6 мың аз қамтылған отбасы мен 3 мың жұмыс істейтін жастарды баспанамен қамтамасыз ету міндеттемесі қабылданды.

«Барлық заңнамалық нормалар қабылданып, қажетті қаражат бөлінді», — деп Асқар Мамин, әлеуметтік бағыттағы тұрғын үй көлемін толығымен беру және сатып алу бойынша нақты шараларды қабылдау керек екенін айтты.

Сондай-ақ, ҚР Үкіметінің басшысы тұрғын үйді салуға, инженерлік инфрақұрылымды жеткізуге уақытылы дайындалудың маңызы зор екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы барлық тұрғын үй бағдарламаларын біртұтас тұрғын үй саясатына біріктіруді тапсырды. Сондықтан биыл 2025 жылға дейінгі жаңа «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы қабылданады, оның аясында 650 мыңға жуық отбасы немесе 2 млн-нан астам адам жаңа тұрғын үймен қамтамасыз етіледі», — деді Асқар Мамин.

Нұр-Сұлтан қаласында жеңіл рельсті транспорт жобасының құрылысын жалғастыру мәселелері бойынша әкім А. Көлгінов баяндады. 

«Әкімнің баяндамасынан осы жобаның елордаға қажет екенін көріп отырмыз. Жоба түбегейлі қайтадан қарастырылып, ол бойынша оңтайландыру жұмыстары жүргізілуде. Нұр-Сұлтан әкімдігінің ақпараты бойынша, жобаны іске асыру барысында және несие берілген мерзімде жобаның құны 1,2 млрд долларға үнемделетін болады. Бірқатар атқарылған жұмыстар нәтижесінде Астана банкіне аударылған 258 млн доллар көлеміндегі қаражат Нұр-Сұлтан әкімдігіне жобаны одан әрі жүзеге асыруға қайтарылады. Жалпы, бұл жоба елорданың қоғамдық көлігін дамытуға үлес қосатынына сенеміз», - деді Асқар Мамин.