Коронавирус инфекциясына қарсы вакцинациядан кейін пайда болатын антидене ағзадан 6 айдан соң жойылып кетеді. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Бүгінде ғалымдар екпеден кейінгі ағзада қалыптасатын антидене өте төзімсіз және аз уақытқа ғана жетеді деп айтып отыр. Тек біздің ғалымдар емес, бүкіл Жер шарындағы ғалымдар осындай тұжырымға келді. Антидене 6 айдан кейін ағзадан жойылып кетеді", - деді Қуатбаева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы директорының орынбасары ресейлік "Спутник V" вакцинасын салдырғаннан кейінгі әсерінен қорқудың керегі жоғын айтты.
"Дене дел-сал болуы және қызуы көтерілуі мүмкін, сонымен қатар вакцина салған жер аздап қызарады. Неврология тарапынан белгілер де болуы мүмкін. 400-ден астам азаматтарда осындай жағдай тіркелді. Арнайы ем-дом қабылдаған жоқ. Бірінші күні-ақ ем-домсыз, тез айықты. Адам ағзасына сырттан ақуыз түскенде, оның ішінде вакцинаны да айтуға болады, антидене қалыптасады. Осыған байланысты дене қорғану қабілеттерін қосады. Осы мезетте жоғарыда айтқан белгілер пайда болады. Бұдан қорқудың қажеті жоқ", - деді ол.