02 қар, 2018 сағат 12:27

"Малдың қараусыз жайылуының қаупі неде?" - ІІМ

Ішкі істер министрлігі малдың өз бетімен жайылу мәселесін шешу керектігін алға тартып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бізде малдың беталды жаю тәжірибесі тарап кетті. Осы жылы мал ұрлығының 60 пайызы малдың ұзақ уақыт бойы қараусыз жайылуы салдарынан тіркелген. Осы мәселені ескере отырып, біз аймақтарға мал ұрлығына сеп болатын осындай шарттарды жою турасында 1157 көрсетілім (ұсыныс) жолдаған болатынбыз. Алайда бұған ешқандай жауап жоқ болып тұр», - дейді Парламент Сенатында өткен дөңгелек үстел барысында ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов.

Ол сонымен бірге аталмыш мәселені шешудегі ведомствоның ұсыныстарын айтып өтті.

«Қараусыз малын жайғаны үшін мал иелеріне қатысты ешқандай заңнамалық норма қарастырылмаған. Міне, сондықтан, аймақ әкімдіктеріне ауыл шаруашылығы жайылымы мен ол үшін әкімшілік жауапкершілік енгізетіндей құқық беру ұсынысын бастама ретінде көтеріп отырмыз. Бұл ретте, әлбетте, малшылар керек. Мәселен, 100 ірі қараға бір малшының керегі анық. Бәлкім, мал жайылымы ретке келтірілетіндей, оларға бір минималды көмек беру керек пе?», - дейді вице-министр.

Сонымен бірге, Жанат Сүлейменов малдың қараусыз жайылуына байланысты екінші мәселені де атап өтті.

«Биыл ғана малды басып кету жағдайына қатысты жол-көлік оқиғалары 28 пайызға өскен. Осының салдарынан қаза тапқандардың саны 46 пайызға өсті. Жүзге тарта адам жарақат алды. Жақында ғана Алматы - Талдықорған тасжолында 2 адам көз жұмды. Белгі мен чип болмағаннан кейін әлгі өлімге себеп болған жылқылардың иелері әлі де табылатын емес», - деп түйді Жанат Сүлейменов.