17 қыр, 2021 сағат 16:44

Малды GPS арқылы бақылау ұрлықтың алдын алуға көмектеседі


Ақсу ауданының тәртіп сақшылары шаруаларды өздерінің малдарын GPS арқылы бақылауға шақырды, деп хабарлайды «Ұлт ақпарат» Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазіргі таңда дамыған кәсіптің бірі ол – мал шаруашылығы. Сол себепті де, осы кәсіппен қатар соған қарсы жасалынатын қылмыста белең алуда.

Тұрғындардың көп бөлігі малдарын қараусыз жібере салады және түңгі уақыттарда өз малдарын қораламайды, сол себепті қараусыз жүрген мал ұрылардың оңай олжасына айналуда.

Жалпы, ұрлықтың алдын алу бағытында полицейлермен бірқатар іс-шаралар қабылданып жатыр. Алайда, бұл жеткіліксіз. Ұрлықты түбегейлі жою үшін шаруа қожалықтары мен тұрғындар  салғырттық танытпай, қырағы болуы және сақтық шараларын сақтануы қажет.

«Қазіргі уақытта соғым науқаны жақындап келе жатыр, оның үстіне мал еті қымбаттап өсуде, мал иелері өздеріңіздің малдарыңызға сақтықпен қарап, қараусыз қалдырмауға кеңес береміз, қараусыз жүрген мал ұрыларға құрық бергендей оңай олжа болатынын естен шығармаңыздар», – дейді тәртіп сақшылары.

Айта кетсек, Алматы облысы Ақсу ауданының полиция қызметкерлері малдың мойнына смарт құрылғы тағу арқылы ұрлықпен күресудің  жаңа әдістерін бастаған болатын.

Ақсу АПБ полиция қызметкерлері жергілікті тұрғындарға малдарды ұрлауға және жайылым кезінде жануарлардың жоғалуына жол бермеу үшін смарт құрылғы қолдануға кеңес береді. Тәжірибе көрсеткендей, бұл малды сақтаудың тиімді әдістерінің бірі.

«Өздеріңіз білетіндей, мұндай қылмыстар көп кездеседі. Ауылшаруашылығы саласындағы қылмыстық ахуалды жақсарту үшін, сондай-ақ мал ұрлығына байланысты қылмыстардың алдын алу мақсатында мұндай құрал ең жақсы қорғаныс болады. Ұрыларға осындай GPS бауы бар малды тасу немесе ұрлау қиын болады», – дейді Ақсу облыстық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дәурен Сәкенов.

Оның айтуынша, малды ұрланған жағдайда оның иесі электронды құрылғы арқылы малдың қайда екенін және олардың қай бағытта қозғалатынын көре алады.

Бұған дейін Ауыл шаруашылығы министрлігі мал ұрлығы үшін жазаның қатал болуы, ауыл шаруашылығы малдарын тіркеу, COVID-19 пандемиясы 2020 жылы мал ұрлығы фактілерін екі есеге азайтуға мүмкіндік берді деп хабарлаған болатын. Соңғы жылдары мал ұрлау фактілері барлық облыстарда азайып келеді. 2015 жылы 8 мың қылмыс тіркелді, 2016 жылы – 7,3 мың (-8%), 2017 жылы – 6,4 мың (-13%), 2018 жылы – 5,6 мың (-12,4%), 2019 жылы – 4,7 мың (-15,2 %). Яғни, 2015 жылдан 2019 жылға дейін тіркелген жағдайлардың саны 40% -ға азайған.

Сонымен қатар мамандар жазаның қатал болуы мал өсірушілерді мал ұрлығынан құтқармайды дейді.