28 сәу, 2021 сағат 15:44

Малайсары петроглифтері қорғалмаса, төл тарихымыз қиыршық тасқа айналуы мүмкін – Жанарбек Әшімжан


Алматы облысындағы қиыршық тас шығаратын зауыт тарихи таңбалы тастарға зақым келтіруі мүмкін. Бұл мәселені Мәжіліс депутаты Жанарбек Әшімжан көтерді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Депутат Алматы-Талдықорған бағытындағы мемлекеттік маңызы бар жол бойындағы Арқарлы асуының жақпар тастарындағы петроглифтер жөнінде Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановқа сауал жолдады. 

«Малайсары қыраттарына ұласатын сол сілемдер – тұнған тарих. Тастағы суреттерге тіл бітсе, ең кемі 3000 жыл бұрынғы дәуірді көз алдыңызға әкеледі. Ең алғаш Арқарлы асуындағы тарихи тастарға назар аударған археолог, профессор Алексей Марьяшев болатын. 2017 жылы археолог сол өңірге арнайы барып, тастағы петроглифтерді өз көзімен көріп, қолымен ұстап, тарихи суреттер қола немесе темір дәуіріне тән екенін, бұл тауларды б.д.д. 2000 жыл бұрын адамдар мекен еткенін, жалпы ғылыми түрде кешенді зерттеуді қажет ететіндігін меңзеген. Алматы облысы әкімдігі сол жылдың тамызында Малайсары сілемдеріндегі петроглифтер мемлекеттік қорғауға алынатынын айтқан еді», - деді депутат 

Бірақ, ресми орындардан көңіл бөлініп, қызығушылық байқалмаған. Осыған орай, өңірдегі белсенді азаматтар өздері бірігіп тарихи тастарды қоғау жөніндегі еріктілер тобын құруға мүдделі.

«Өйткені, Алматы облысы Кербұлақ ауданы ауамағындағы Малайсары петроглифтері жойылудың аз-ақ алдында тұр. Тарихи суреттер бедерленген тастарды бизнестік бағытта пайдалануда. Ал жергілікті билік, яғни Сарыбастау ауылдық округі аңғардағы кәсіпорындар заңды түрде мемлекеттік актісін алып, салығын төлеп, жұмыс істеп жатқанын алға тартады. Яғни, асудағы шағын зауыт қиыршық тастар мен тақтатас өндірісімен айналысады. Петроглифтер өңірлік атқарушы билік тарапынан арнайы бақылауға алынып, ғылыми институттар тарапынан нақты зерттеу нысанына айналмағандықтан өндірісшілерге ешқандай шектеу жоқ. Өйткені, бұл жерді жеке тұлғалар ауылшаруашылық мақсатында пайдалану үшін заңды түрде иелігіне алып, кәсібін жүргізіп отыр», - деді Әшімжан. 

Депутаттың айтуынша, осы күнге дейін тастағы петроглифтердің біраз бөлігі бұзылып, қиратылып кеткен. 

«Жедел түрде тиісті шешімдер қабылданбаса аз уақыттың ішінде тарихи жәдігерлердің күл-талқаны шығып, үгіліп, бабалар тарихы қиыршық тасқа айналады. Жалпы ғалымдар Малайсары сілемдеріндегі тастарда бедерленген суреттердің 3,5 мың жылдық тарихы барын айтады. Сондай-ақ, ҮІ-ҮІІ ғасырлардың мәдени ескерткіштері, бергі ХҮІІ ғасырлардағы таңбалар бедерленген тастар барын да алға тартады. Ал бұл мәселеге назар аударған кәсіби заңгерлер «Арқарлы асуында тарихи мұраларға қатысты өрескел заң бұзушылықтар орын алып отыр» деп мәлімдеуде. Осы мәселені баса назарға ала отырып, тиісті мемлекеттік құзырлы орындар мен аймақ басшысына мына мәселелерді тапсыруыңызды сұраймын: бірінші, жедел түрде арнайы комиссия құрылып Арқарлы асуындағы ахуалды зерттеп, киелі мекен «Тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі Алматы облыстық орталығының» тізіміне енгізіліп, қорғауға алынуы керек. Екінші, Ә.Марғұлан атындағы Археология институтының жанынан арнайы комиссия құрылып, Арқарлыдағы петроглифтерді жүйелі зерттеу жұмысын жеделдетіп қолға алу қажет. Бұл – ата тарихымыз үшін және ұлтық мәдени мұраларды сақтау бағытындағы аса маңызды қадам», - деді Жанарбек Әшімжан.