05 там, 2020 сағат 12:31

Мақтааралдықтарға төтенше жағдай кезіндегі мал шығыны төленді

Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында орын алған төтенше жағдай кезіндегі мал шығыны толығымен төленді. Топан су басқанда жалпы аудандағы 22 отбасы 144 бас малынан айырылған болатын, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгінде «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік қоры арқылы түйеге 300 мың теңгеден 1,5 млн теңгеге дейін, жылқыға 160 мыңнан 380 мың теңгеге дейін берілді. Ал, сиырға 110 мыңнан 220 мың теңге, ұсақ малға 25 мыңнан 45 мың теңге аралығында және үй құсының әрбіріне 2000 теңгеге дейін өтемақы төленді. 

Айта кетейік, жалпы тасқын судан зардап шеккен ауылдарды қоқыстан тазарту кезінде 930-дан астам мал өлекселері шығарылған болатын. Оның ішінде 40-ы ірі қара, 876-сы ұсақ мал, 9-ы жылқы және 6-ы түйе еді. Анықтау жұмыстары барысында төрт түліктің басым бөлігі Өзбекстан Республикасынан топан сумен ағып келгені белгілі болған.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен Мақтаарал аудандық аумақтық инспекциясы және аудандық «Ветеринариялық қызметі» КММ-нің өкілдерінен арнайы комиссия құрылып, жоғалған үй жануарларын түгендеу және мал өлекселерін жою жұмыстары жүргізілді. Бүгінде төтенше жағдайдан зардап шеккен елді мекендер толығымен дезинфекцияланды.