18 қар, 2024 сағат 20:15

Мақтааралдықтар рекорд жаңартты


 Фото: okg.kz

 

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында «Гидрология бекеттерін жөндеп, жаңғырту қажет. Суды барынша үнемдеу жұмысын ұйымдастыру қажет. Бұл – ең алдымен, ауыл шаруашылығына қатысты мәселе, яғни су үнемдеу технологиясын, әсіресе, ауыл шаруашылығында кеңінен қолдану қажет» деп атап көрсетті. Мақтаарал ауданына барған сапарымызда Мемлекет басшысының тап осы тапсырмасына сай тындырымды да тиянақты жұмыс істеп келе жатқан шаруашылық бар екенін естіп, ұжымның тәжірибесімен танысуға ықыласымыз ауа берді.

 

Расында, «Хамро-Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіндегі жұмыс көпшілікке үлгі етіп айтарлықтай-ақ екен. Бізді кооператив агрономы Әбдіразақ  Боев күтіп алып, егістік басына бастап барды.  Мынадай аппақ әлемді басқа өңірден табу қиын-ау. Биік те бітік өскен мақта жайқалып тұр. Олардың ашық аспан астында құлпырып тұрған көрінісіне көз сүйсінеді. Соңғы жылдары жалпы облыс бойынша мақталық алқаптың  өнімділігі төмендеп кеткенін жасыра алмаймыз. Ал, мұндағы ақ ұлпа шығымы өте жоғары. 

Агроном әңгіме бастады.  Оның айтуынша, сәуір айының соңында жерге шит түскен. Дегенмен, ерте гүлдеген. Мұның сыры неде? Өйткені, олар мақтаны жаңа технологиямен тамшылатып суарады. 312 гектар жерге шит тасталғаннан бастап  егістік алқабына бірде-бір техника кірмепті.  Арамшөптер шабылмаған. Өйткені, барлығы жаңа технологияның көмегімен атқарылған. Яғни шығын аз. Қол күші қажет емес. Агроном Әбдіразақтың айтуынша,  әр 70 гектар сайын тыңайтқышты бір жерден беретін автоматты сусорғы қондырғысы орнатылған. Сол арқылы  қозаға дәрумен, тыңайтқыш кестеге сай дер уақытында беріліп келген. Кооператив мамандары мақта егу технологиясы бойынша алдымен өсімдіктің бойын өсіреді екен. Бойы биік болса, көсекті көп салады. Қоза шырпылмайды.  Қозаның төбесіндегі гүліне дейін толық көсектейді. 

Абдужалил Боев басшылық жасайтын өндірістік кооперативке тартылған жобаның  жалпы инвестициялық құны 500 миллион теңгені құрайды екен. Жобаның ерекшелігі –дәстүрлі әдіспен салыстырғанда ағын су 50 пайызға дейін үнемделіп, өнімділік 60-70 центнерге артады. Шындығында, мұнда алқаптың  әр гектарынан 60 центнерден «ақ алтын» жиналыпты. Мақта теруге үш комбайн қатыстырылуда. Бүгінге дейін комбайндардың күшімен 190 гектар жердің мақтасы жиналып, қоймаға құйылған.  Кешегі жауын-шашынға байланысты мақта жинау бірер күнге саябырсыған.  

– Біз Қытай инвесторларымен бірігіп, жаңа жобаны қолға алдық.  Қытай агрономдары әуелі біздің егістік алқабымызға келіп, топырақ құнарлылығын, тұздылығын тексерді. Сосын елдеріне қайтып кетіп, біздің жерімізге лайық тұқым әкелді. Бұл 125-135 күн аралығында пісетін мақта сорты екен. Міне, көріп отырсыздар, мақта шығымы қуантады. Биыл кемінде 2000 тонна «ақ алтын» жинаймыз деген үмітіміз бар, – дейді агроном Әбдіразақ бізге қарап.

Осы жерде аудан мақташылары әр гектардан 26,2 центнерден ғана өнім жинағанын ескерсек, тамшылатып суару мен жаңа технологиялардың тиімділігі өзінен-өзі көрініп тұрған жоқ па?! Сонымен қатар, мақта шығымдылығы 2-2,5 есеге артқан. Бұларға қосымша,  мемлекет тарапынан тамшылатып суару технологиясын енгізген шаруаларға  кеткен шығынның 80 пайызы субсидия арқылы өтеледі екен.

Қазір өндірістік кооперативте Мырзабай Жораев, Анатолий Әзімов, Әнуар Боев, Солих Рахманов, Елхан Қасымов, Абазбек Баратов, Сақыпбай Шадманов сынды механизатор-комбайншылар өнімді еңбек етіп жүр. Олар өз істеріне  үлкен жауапкершілікпен қарайды. 

«Хамро-Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің 9 гектарлық жылыжайы да бар. Биыл осы жылыжайдан 95 тонна қызанақ, 60 тонна қияр жинапты. Осындағы агроном Жәмши Сапаров, бригадир Ахмет Қасымов, бас электрик Мырзабай Орақбаев,  жылыту жүйесінің шебері Мырзафар Құрматов қысы-жазы аянбай еңбек етеді. Жылыжайда маусым кезінде елуге жуық адам тұрақты жұмыс істеп, нәпақа табады. 

Кооператив бұлардан тыс 100 ірі қараны қысы-жазы бордақылап сатады. Осында еңбек ететіндердің үш мезгіл тамақтары тегін. Ірі қара мал етін өз асханаларында да пайдаланады. 

Мақтааралдық шаруалардың ғасырға жуық уақыттан бері «ақ алтын» өсірумен айналысып келе жатқаны белгілі. Алайда, күні бүгінге дейін оны шикізат күйінде ғана сатып келді. Ендігі жерде мақта терең өнделмек. Жергілікті билік өзбекстандық «Global textile»  компаниясымен келісімге келіп отыр. Құны 45 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж фабрикасы, мақта бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылатын болады. Ал, Мақтаарал ауданы бойынша 2024 жылы 2,0 мың гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясын енгізу жоспарланған болса, бүгінгі таңда 1,5 мың гектарға су үнемдеу технологиясы енгізілген. Соның ішінде  500 гектар мақта, 1000 гектар бақша, көкөніс дақылдары бар.

Келер жылы тамшылатып суару технологиясы енгізілетін алқаптың көлемін көбейту  жоспарланып отыр. Осы мақсатпен «Хамро-Ата» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінде тамшылатып суарудың тиімділігі жөнінде семинар-кеңес өтті. Мақтааралдық кәсіпкерлер мен мақташылар «Хамро-Ата» өндірістік кооперативінен үйренеріміз көп екен десіп тарасты.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын тиянақты орындап жатқан мақтааралдықтардың мақтаулы тірліктеріне разы көңілмен қайттық. Иә, әр гектардан 60 центнер өнім жинау бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткіш!

Сабырбек Олжабай,

«Оңтүстік Қазақстан».

Мақтаарал ауданы.