18 мам, 2020 сағат 11:45

Мақтааралдық кәсіпкер өзге өңірден көмек әкелгендерге 600 тонна қырыққабатты тегін берді

Мақтаарал ауданында су тасқынынан зардап шеккен азаматтарды аса қажет тауарлармен қамтамасыз ету үшін 600 тоннадан астам гуманитарлық көмек жиналды. Өз кезегінде жергілікті кәсіпкер Қанат Маратұлы өзге өңірден гуманитарлық көмек әкелген жүк көліктеріне 600 тонна қырыққабатын тегін тиеп жіберді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мақтааралдық диқан еліміздің барлық өңірлерінен келіп жатқан көмекке осылайша өз ризашылығын білдірді. Бұл іс аудан әкімі Бақыт Асановтың бастамасымен қолға алынып отыр. 

Кәсіпкердің айтуынша, мақтааралдықтарға қиын тұста көмек қолын созған азаматтарға алғыспен жауап қату – азаматтық парыз. 

Айта кетерлігі, бүгінгі таңда эвакуациялық пунктерде орналасқан заттардың 218 тоннасы тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға таратылған. Оның басым бөлігі - азық-түлік, гигиеналық, медициналық, тұрмыстық-техникалық, құрылыс заттары және киім-кешек.