23 шіл, 2020 сағат 11:35

Мақтааралдағы жаңа мөлтек ауданда 31 үйдің құрылысы толық аяқталды

Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы жаңа мөлтек ауданда салынып жатқан 31 үйдің құрылысы толық аяқталды. Баспаналардың 25-і үкімет резервінен, 6-ы Nur Otan партиясының «Біз біргеміз» қоры есебінен бой көтерген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Мақтаарал аудандық Cәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бижан Анарбековтің айтуынша, тамыз айының бірінші күнінде мұнда 100 үйдің құрылысы толық аяқталады деп жоспарланған. Құрылысты межеленген күнде бітіру мақсатында қазіргі таңда шағын ауданда 209 үйдің шатыры жабылып, 166 үйдің ішкі-сыртқы әрлеу жұмысы жүргізілуде. Жаңа мөлтек ауданда құрылыс жұмысы тоқтаусыз жүргізіліп, 1359 құрылысшы түнгі және күндізгі ауысымда жұмыс істеп жүр. 

«Мөлтек ауданда жеке тұрғын үй құрылысынан бөлек, 1 200 орындық мектеп пен 280 орындық балабақшаның да қазандық шұңқырын қазу жүргізілуде. Қазіргі таңа екі нысанда 20-ға тарта ауыр техника жұмыс істеп жүр. Бұдан бөлек, мөлтек ауданды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету ісі де бірге жүзеге асырылуда. Атап айтсақ, ауыз су тарту, газ желісін орнату, кәріз жүйесін, жол салу , асфальт төсеу жұмыстары да жүргізілуде», - дейді Бижан Анарбеков. 

Бұл мөлтекаудан алдағы бір айдың көлемінде жаңа кейіпке енбек. Ол үшін шағын ауданды қақ жарып өтетін республикалық маңызы бар жолдың екі бетінен ені 40, ұзындығы 60 метрді құрайтын демалыс аллеясы салынуда. Сондай-ақ, мөлтекауданның кіреберісіндегі канал бойынан да тұрғындар демалатын шағын саябақтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, 25 төсек орынды дәрігерлік амбулатория мен медициналық тірек пункті екі айда пайдалануға берілмек.