03 сәу, 2024 сағат 15:37

Көктем келеді, Үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кетеді — Мақсат Толықбай

Фото: Мәжілістің баспасөз қызметінен

Бүшін Парламент Мәжілісінің отырысында депутат Мақсат Толықбай елдегі тасқын су мәселесін көтеріп, Үкіметке депутаттық сауал жолдады деп хабарлайды "Ұлт Ақпарат".

"Қазір еліміздің тең жартысы қарғын судың астында қалды. Жылдағы әдет. Көктем келеді, Үкіметтің көп уәдесі көлкіп суға кетеді. «Тасқынға тас-түйін дайынбыз, төтенше жағдай болса, төтеп береміз», – делінетін көпірме баяндамалардан көк тиын пайда жоқ", -дейді Мақсат Толықбай.


Осыған байланысты Мәжілістің бір топ депутаты су басқан өңірлерге барып, мән-жайды білген. Олар тұрғындармен кездесіп, нақты ахуалмен таныстық. Депутаттар алдағы уақытта да аталған өңірлерге тағы да барып, жағдайды бақылауда ұстайтындарын айтып отыр. 

Иә, апат айтып келмейді. Бірақ қардың қалың жауғанын көз көрді ғой. Мәселе – жергілікті әкімдіктер мен Үкіметтің арасында байланыстың жоқтығында. Салдармен ғана күресіп келеміз.

"Топан су мен сел тұрмақ, әлемде цунами мен вулканнан қорғану шараларын қабылдаған елдер бар. Ал біздің кейбір аудандарда дайын тұруы тиіс қайық пен су етіктің өзі атымен жоқ. Төтенше жағдайлар министрлігінің нормативі орындалмаған. Әкімдік пен министрліктердің арасында байып-баға жоқ", -деп отыр депутат. 


М. Толықбай су саласында білікті маман тапшы екенін, ғалымдарға жағдай жасалмай, ешнәрсе түзелмейтінін жеткізді.

Депутаттар Орал, Арқалық, Ақтөбе, Ұлытау, Қоянды және тағы басқа өңірлерді аралап қайтқан. Былтыр дәл осы уақытта Қобда ауданындағы топан  су шайып өткен бірнеше үйге «AMANAT» партиясы тарапынан құрылыс материалдарына дейін әперіп, баспана салдыртқан екен, алайда сол үйлер тағы да суға кеткен екен. Себебі Қобдадағы құрылысы басталған дамбаны жергілікті Прокуратура жобалық құжаттамасынан кінарат тауып тоқтатып тастаған.  


"Сондай-ақ, Ақтөбе облысындағы су басқан Құмсай ауылында мұнай компаниясы шлюзді бітеп тастап, тасыған су ауылға қарай бұрылып кеткен. Өйткені, шлюз әдейі жабылғандай көрінді. Бұл мәселені жіті бақылауға алу қажет. Дәл осындай жағдай басқа өңірлерде де болуы ықтимал.
Сонымен қатар, жалпы баспанасы жермен-жексен болып, бала-шағасымен босып кеткен ағайынның тағы бір арыз-арманын жеткізейік. Рас, Мемлекет басшысының: «Ешкім назардан тыс қалмайды, зардап шеккен тұрғындарға түгел көмек көрсетіледі», – дегені, дертке дауа, көңілге медет. Бірақ, комиссия шығынды есептеп, үйлер салынғанша кемі 4-5 ай уақыт кетеді. Осы кезде малмен жан бағып отырған ағайын төрт-түлігін тастап қайда барады? Малы өрісте, өздері аудандағы колледжде жайбарақат жатады дейсіз бе? 
Ертең ел-жұрттың есін шығаратын тағы бір мәселе бар! Алыстағы ауылдарда суға кеткен кейбір үйлердің әлі күнге дейін құжаты жоқ. Қора-қопсысы мен құлағында сырғасы жоқ малдары туралы айтпай-ақ қояйын. Қазақ ауылдағы қорасына қашан құжат рәсімдетіп еді? Оларды қайтеміз? Далада қала ма? Осы жағын да ойластыру керек", -деп отыр Мақсат Толықбай.

Депутаттың айтуынша, барлық партиялар, әлеуметтік желідегі белсенді азаматтар, мыңдаған еріктілер көмек жинап, халыққа үлестіріп жатыр. Кейбір депутаттар әлі де су басқан аймақтарда жүр екен. 

"Біз осы жолы шалғай ауылдарда құтқарушыларға ыстық тамақ дайындап, шұлғауы мен шұлығына дейін әкеп беріп жатқан жергілікті халықты көрдік. Әсіресе, күн-түн демей, қаптан бөгет жасап, әбден қажыған әр ауылдың азаматына рақметімізді айтамыз. Елдің осындай ауызбірлігін көргенде еріксіз егілесің! 
Алайда, қауіптің басы қайтты деуге әлі ерте. Алда СҚО, Павлодар, ШҚО тұр. Алтайда қар енді ери бастады. Марқакөл мен Катонқарағайда 2 метр қар жатқанын қаперден шығармаңыздар! Торғай даласын көрдіңіздер. Ел қатынайтын жалғыз күрежолды су алды. Тікұшақ пен үлкен техникалар ғана жүре алады. Сондықтан, осы өңірлерді қажетті азық-түлік, дәрі-дермек, жем-шөп қорымен қамтамасыз етуді жіті назарда ұстау керек", -деді депутат Толықбай.


Депутат Үкіметке бесм түрлі ұсыныс жолдады:
1) Қазақстандағы барлық өзендердің жағасының ерекше су қорғау аумағын 4 шақырымға дейін ұзарту және тұрғын үй салу мен жер бөлу кезінде өзен, көл, су қоймасының жағасынан қашық әрі биік жерлерге қоныстандыру;

2) ірі және және таулардан ағатын трансшекаралық сулар құйылатын өзендердің қар мен жаңбыр суы қосылғанда тасып кетпеуі үшін жасанды арналар жасау, аса қауіпті аумақтарда су қоймаларын салу, сондай-ақ су соратын дренаждар мен насостарды қайта орналастыру;

3) өзен, көлге жақын орналасқан ауылдарды қажетті техника, қайық және арнайы формалармен қамтамасыз ету;

4) Гидротехник-инженер мамандардын дайындауға көңіл бөлу;

5) биылғы төтенше жағдай жарияланған жерлердегі шаруалардың барлық ауылшаруашылық несиелерін төлеуді үш жылға дейін шегеру мүмкіндігін қарастыру.