Фото: Halyq Uni
"Қазақстанға атом электр станциясын қай ел салады және ол қауіпті емес пе" деген ULT.KZ тілшісінің сұрағына Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай жауап берді.
"Өңірлерді аралап келдік. АЭС-ті Ресей сала ма, Мәскеуге кіндікпен байланып қалмаймыз ба деген сұрақ көпшілікті мазалайды. Мен ашығын айтайын, Ресей атом электр станциясын сала алмайды. Оларға ол мүмкіндікті ешкім бермейді. Олар реакторларын сыртқа шығара алмайды. Онсыз да олар қазір санкцияның астында.
МАГАТЭ ұйымының айтып отырған талабы бойынша, кез келген атом электр станциясын бір мемлекет сала алмайды. Яғни технологиясы озық болып саналатын, мысалы үшін Франция, не болмаса Оңтүстік Корея салатын болса, біз оларға да тәуелді болып қалмаймыз ба деген алаңдаушылық бар ғой. Бірақ оған уайымдаудың қажеті жоқ. Салған күннің өзінде де, бірнеше мемлекет қосылып салады", - деді мәжілісмен біздің тілшіге.
Қазақстанға АЭС салу бойынша қоғамда түрлі пікірлер бар. Олардың арасында "Қазақстанға АЭС-ті Ресей салуы мүмкін және біз солай Ресейге энергетикалық тәуелділікке ұшырауымыз мүмкін " дегендер де бар.
Қазіргі уақытта Қазақстанға АЭС салуы мүмкін 4 ел белгілі. Олар Ресей, Франция, Оңтүстік Корея және Қытай.
Айта кетейік, өткен аптада депутаттар Қазақстанда АЭС салу бойынша референдум төңірегінде еліміздің өңірлерін аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргізген.
Мемлекетте атом электр станциясын салу бойынша референдум биыл 6 қазанында өтеді.