ҚР халық әртісі, әнші Мақпал Жүнісова қазақ эстрадасында мағынасыз әндер көбейгенін айтып, кейбір әріптестерін сынға алды. Бұл туралы әнші Instagram желісіндегі парақшасында мәлімдеген, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақ эстрадасын қалыптастыру жолында біраз еңбек етіп келе жатқан әншілерміз. Қазақ эстрадасы енді қалыптасып, жастар біздің артымыздан жақсы бір әуенмен еріп келе жатыр еді. Аяқ астынан осындай Еуропаның музыкасы қаптады, Африканың музыкасы ма, Құдай-ау. Қара нәсілділердің ритмін алады. Оған қазақша сөздерді қосады, қалай-болса солай, мән-мағынасы жоқ... Не өлең енді анау: «зың-зың», «дың-дың», «дым-дым» дей ме... «Жоқ-жоқ» - не ән бұл? Ол ұрпақты неге тәрбиелейді? Біздің ұлы ақындарымыздың өлең-сөздері - Тұманбай ағамыз, Мұқағали Мақатаев, Фариза Оңғарсынова, Исраил Сапарбаев, Қадыр Мырза Әли... Сол кісілердің өлең жолдары қайда қалды? Қайда?», - деп Мақпал Жүнісова қынжылысын жеткізді.