17 сәу, 2024 сағат 19:21

«Маған ұйқы бермейді»: Салтанат Нүкенованың құрбысына жазған хаттары оқылды


Әйелін ұрып өлтірді деп айыпталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында марқұм Салтанат Нүкенова мен құрбысы Аида Ахмединаның арасындағы хат оқылды. Сот залында хат фрагменттерін Аиданың өзі оқып берді.

Салтанат:

Енді не істерімді білмеймін, мен кетемін, ал ол «албасты, мен ол үшін бәрін жасадым, ал ол кетіп қалды, рақметі жоқ, мені таптап кетті. Бұлай жайдан-жай кете алмайсың» деп ойлайтын болады. Кейде дұрыс адам сияқты жүреді. Өз ойымнан адастым, онымен тұра алмаймын, өзім жалғыз болғым келеді. Бұл емделмейді, мұндай адамдар емделмейді. Олар психологқа өздерінің қандай күшті екенін, қалғанының бәрі қандай ақымақ екенін айту үшін барады. Назар мен мақтау есту үшін. Екінші рет кеткенім, соңғы нүкте. Қайтып оралуға болмайды. Мен оны кешірмейінше ол бәрін істейді, ал сосын қайта қорлап, өш алады. Бірақ ол психотерапиядан өтті, Алматыға бардық, екі айда психологына 10 мың доллар берді, ол Таиландтан келген екен. Мәскеуліктер. Бірақ бұдан нәтиже жоқ. Ештеңе өзгермейді. Ол маған ұйқы бермейді, өзі де түнде ұйықтамайды. Түнде мен мүлдем ұйықтамаймын. 


Аида: 

Сен ұйықтайсың, ал ол қасыңда жүре ме?


Салтанат: 

Ода үнемі параноидалдық ойлар. Менімен сөйлеседі, бірдеңе сұрайды, ашуланады, оны тыңдамасам айқайлайды. Мен оған екі күн бойы ұйықтамағанымды, ұйқым келгенін түсіндіремін. Ол: «Сен мені түк ойламайсың, саған бәрібір» дейді. Шын айтсам, оны аяймын. Оның травмасы бар және ол ауру. Мен оған көмектесіп көрдім, бірақ бұлай өзіме зиян келтіріп жүрмін.