17 шіл, 2021 сағат 11:40

Мәдениет және қоғам қайраткерлері елордалықтарды вакцина алуға шақырды


Елорда тұрғындарын вакциналау науқаны қызу жүріп жатыр. Осы орайда мәдениет қызметкерлері мен қоғам қайраткерлері иммундаудан өтті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" қала әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

«Толық тексерілдім және вакцинаны еш қорқынышсыз алдым. Қуанышыма орай бәрі жақсы, өзімді ойдағыдай сезінемін. Өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қарап, вакцина алуға шақырамын», - деді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі мемлекеттік академиялық филармониясының классикалық және эстрадалық вокал бөлімінің көркемдік жетекшісі Арайлым Рахым.

Айта кету керек, вакцинация – ұжымдық иммунитетті дамытудың және коронавирустың елде таралуын тоқтатудың жалғыз тәсілі.

«Мен елорда тұрғынымын. Ғылым саласында жұмыс істеймін. Сондай-ақ, көпбалалы отбасымын. Балаларым мен жақындарым және өзім үшін екпе алдым. Елорда тұрғындары мен қонақтарын, жалпы халқымызды вакцина алуға шақырамын. Тұмшаланып жүретін масканы шешетін уақыт келді», - деді «Қасиетті Қазақстан» ҒЗО жетекшісі Батырхан Жұмабаев.

«Вакцинаны сәуір айында алдым. Бәрі жақсы өтті, ешқандай ауырсыну болған жоқ. Туыстарыңызды, балаларыңызды, ата-аналарыңызды, ата-әжелеріңізді және жақын достарыңызды қорғау үшін COVID-19 вакцинасын қабылдауға шақырамын. Аман болыңыздар!» - деді елордалық цирктің манеж инспекторы Жолдасбек Имашев. 

Айта кетейік, денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше Нұр-Сұлтанда вакцинаның бірінші компонентін 308 мыңнан астам адам алды.

187 мыңға жуық қала тұрғыны толық иммундаудан өтті.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов пен қаланың бас санитар дәрігері елордалықтарды COVID-19-ға қарсы вакцинациядан өтуге шақырған болатын.