03 шіл, 2022 сағат 12:15

Лукашенко "Украина Беларуське соққы жасамақ болды" деп айыптады


Беларусь басшысы Александр Лукашенко 2 шілдеде белорус әскері Украина жағынан жіберілген зымырандарды атып түсірді деп мәлімдеді, бірақ сөзіне ешқандай айғақ-дәлел келтірмеді.

"Бізді арандатып жатыр" деді Лукашенко сенбі күні. Оның сөзінен Беларусьтің мемлекеттік "БЕЛТА" ақпарат агенттігі үзінді келтіреді.

"Үш күн бұрын Украина өз аумағынан Беларусьтегі әскери нысандарға соққы жасамақ болды. Бірақ Украина күштері ұшырған зымырандарды "Панцирь" кешенінің көмегімен атып түсіре алдық" деді ол. "Коммерсант" басылымының жазуынша, Лукашенко Беларусьтің Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылған салтанатты шарада сөйлеген.

Лукашенконың тұжырымдауынша, "бір оқпен екі қоянды ату үшін" яғни, Беларусь және одақтасы Ресеймен "бір мезетте есеп айырысу үшін" Минскіні Украинадағы соғысқа араластырғысы келетіндер бар. Оның сөзіне қарағанда, Беларусь Украинада соғысуға талпынбайды, бірақ шабуыл жасалса, амалсыз соғысуға мәжбүр болады. Лукашенко әскерилерге "Минск қарсыластарының" шешім қабылдайтын орталықтарын "нысанаға алу" жөнінде бұйрық бергенін атап өтті. Ол сонымен бірге НАТО мен Еуроодақ та Ресей мен Беларусьті арандатқысы келеді деп санайды.

Украина жағы Лукашенко сөзіне әлі жауап берген жоқ.

Беларусь Украинадағы соғысқа тікелей қатысып жатқан жоқ, алайда соғыс басталғалы бері Ресейге логистикалық жағынан көмек беріп келеді. Атап айтқанда, Ресей әскерінің біраз бөлігі Украинаға Беларусь шекарасы арқылы кірген.

Айта кетейік, Батыс елдері Ресейдің Украинаға басқыншылығына байланысты Мәскеу мен Минскіге бірнеше қатаң санкция салған.

2020 жылдың тамыз айындағы президент сайлауынан кейін АҚШ, ЕО елдері және өзге де бірқатар елдер Александр Лукашенконы елдің заңды президенті деп мойындамайды. Лукашенко мен оның төңірегіндегі шенеуніктерге сайлау қорытындысымен келіспеген наразылардың жаппай акциясын күшпен басып, белсенділерді қудалап, азаптағаны үшін санкция салынған. Лукашенко режимін құқық қорғаушылар адам құқықтарын өрескел бұзды, оппозицияны қудалады деп айыптаған.

Азаттық