
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысы жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«LRT бойынша көптеген мәселелер бар. Мұның өте күрделі жоба екенін білесіздер. Жоба бірнеше жыл бұрын басталды, көптеген инженерлік желілер тартылды, қыруар қаражат жұмсалғаны түсінікті. Қиындықтар «Астана банкі» лицензиясынан айырылған кезде туындады. Енді бұл қомақты капиталды қажет ететін жоба. Сондықтан қазір пандемия кезінде банктермен жұмыс уақытша тоқтатылды, бірақ бастапқы идея – қала өсіп, жолаушылар көлігінің қосымша түрлерін енгізу қажеттігі еді. Иә, шынымен де кейбір проблемалар болды. Қазір құқық қорғау органдары тарапынан да сот тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Сондықтан LRT – оңай шаруа емес», - деп жауап берді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде тілші сұрағына.
А. Көлгінов БЖЗҚ мен Ұлттық қордың қаражатын жобаға тарту мәселесі қаралмайтынын айтты.
«Зейнетақы қорынан да, Ұлттық қордан да қаражат тарту мәселесі қаралмаған және қаралмайды. Бастапқыда алғашқы инвестициялық қаражат Қытай даму банкінен алынды. Бұл – сырттан тартылған қаражат. Сондықтан олар валютада қарастырылған», - деп түсіндірді әкім.
Сонымен бірге, Алтай Көлгінов LRT құрылыс кезеңдері туралы айтып берді.
«Мен жобаның тарихымен таныстым – бұл бірінші кезең. Содан кейін екінші кезең – ескі вокзалмен жалғау болатын. Осындай үлкен жоспарлар болды, бірақ экономикалық жағдайды ескере отырып, екінші кезең тақырыбын әлі көтермедік. Бірақ бірінші кезең басталды, оған қанша инфрақұрылым салынғанын көріп отырсыздар. Содан кейін бұл әуежай жолаушылары үшін ғана жоспарланбағанын түсіну керек. Қаламыз ұлғайып келеді, бес жыл бұрын Қабанбай батыр бойында тұрғын үйлер болмаған еді, ал қазір қаншама шағынаудан пайда болды», - деп атап өтті әкім.
