Фото: ашық дереккөзден
Қазірде бір жынысты қатынастың насихатталуына біреулер қарсы шығып, азғындыққа баласа, біреулер гейлер мен лезбилердің құқығын таптауға болмайтынын айтып, демократияның көрінісі санайды. Қалай болғанда да бір жынысты қатынас тақырыбы күннен күнге бүткіл әлемде үлкен мәселеге айналып барады.
Мысалы жыл басында Грекия парламенті бір жынысты некені заңдастыруға және мұндай отбасылардың бала асырап алуына рұқсат беретін заң қабылдады. Заңды 245 депутатының 176-сы қолдаған. Ал биыл 4 маусымда Грузия Парламенті ЛГБТ-ны насихаттауға қарсы заң жобасын мақұлдады. Грузияның "Грузин арманы" билеуші партиясы мұны "дәстүрлі құндылықтарды" қорғау қажеттілігімен түсіндіреді.
Парламент спикері Шалва Папуашвилидің айтуынша, түзетулер сегіз мәселеге қатысты болып отыр. Оның ішінде неке "ерлер мен әйелдердің Одағы" деген Конституцияда бекітілген анықтаманы растау, ЛГБТ адамдарына бала асырап алуға тыйым салу, жынысты ауыстыру операцияларына тыйым салу, ЛГБТ-ны білім беруде немесе бұқаралық ақпарат құралдарында насихаттауға тыйым салу, ЛГБТ-ны насихаттау, Еңбек кодексінде 17 мамырда "отбасының қасиеттілігі күні" ретінде бекіту үшін қоғамдық іс-шараларға тыйым салу кіреді.
"Ұлттық құндылықтарымыздың тоз-тозын шығаруды көздейді "
Қазақстанда да депутаттар тарапынан бір жынысты қатынасты насихаттауға қарсы бастамалар болғаны рас. Мысалы былтыр мәжілісмен Ардақ Назаров соңғы кезде еліміздің ақпараттық кеңістігінде ЛГБТ идеологиясы еркін насихатталып жатқанын айтып, алаңдаушылық білдірген. Ол өз сөзінде:
"Бұл қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрін бұзып, ұлттық құндылықтарымыздың тоз-тозын шығаруды көздейді деп білемін. Ал дәстүрі мен руханиятынан айрылған ұлттың болашағы жоқ екені айдан анық. Ұлт құрыса – мемлекет құлайды", - деді депутат Назаров.
Ал осы жылы сәуірде Мәжіліс депутаттары Асхат Аймағамбетов пен Жанарбек Әшімжанов "масс-медиа" туралы заңға "ЛГБТ-ны насихаттауға" тыйым салатын түзету енгізу жөнінде ұсыныс тастады. Ал депутаттар Еділ Жаңбыршин мен Самат Мұсабаев "ЛГБТ-ны насихаттағандарды" қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынды.
"Жыныстық қатынастардың жаңа стандарттары қалыптасуда"
Депутаттардың алаңдайтындай жөні бар. Себебі қазіргі уақытта әлемде ЛГБТ насихаты қатты жүріп жатқаны рас. Қолжетімді интернет, технологияның қарыштап дамуы мен ақпарат ағыны біздің елде де буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жастардың санасын сан саққа жүгіртіп жатыр.
Үстіміздегі жылдың 29 мамырында «Республикалық ата-аналар бірлестігінің» жетекшісі Бағила Балтабай ЛГБТ насихатына қарсы петиция жариялаған. Онда балаларға бір жынысты қатынастар ашық түрде жан жақтан насихатталып жатқаны, кітап дүкендерінен, теледидар экрандарынан, тіпті үлкен экрандарда және смартфон мен әлеуметтік желі арқылы да ЛГБТ насихаты көп таралып жытқаны айтылған.
"Кейінгі жастар азғындық қарым-қатынастарын ашық түрде таратып және насихаттап жүр. Осылайша, жасырын және байқалмай, жастар арасында жыныстық қатынастардың жаңа стандарттары қалыптасуда. Сонымен қатар дәстүрлі құндылықтар мен салт дәстүрді ұстануды, олар бұрынғы заманның қалдықтары, артта қалудың белгісі деп таниды. Көпшілік бірі сыннан қорқып, бірі білмегеннен үнсіз отыр. Ал батылдықпен сөз қозғап, лгбт үгіт-насихатына қарсы шыққандарды өткен ғасырда қалып қойған ретроградтар мен консерваторлар деп мысқылдауда", -делінген петицияда.
Сонымен қатар Бағила Балтабай санасы қатпаған балаларымыз бір жынысты қарым-қатынасты қалыпты жағдай деп үйреніп, тіпті тренд қылып жатыр деп есептеп, көрші елдерде ЛГБТ-ны насихаттағаны үшін және оны таратқаны үшін жазалар қарастырылғанын айтыпты.
"Мысалы, Өзбекстанда гомосексуализм және ЛГБТ құқықтары тақырыбы бұқаралық ақпарат құралдарында және қоғамдық пікірталастарда толығымен жабық күйінде қалып отыр. Ресей Федерациясында 2022 жылы " біржынысты қарым қатынастарды насихаттауға", жынысты өзгертуге және педофилияға толық тыйым салу туралы Заң қабылданды, бұқаралық ақпарат құралдарында, интернетте, жарнамада, әдебиетте, яғни кітаптарда және кинода ақпарат таратуға тыйым салынады, сонымен қатар жасөспірімдер арасында жынысты өзгертуге итермелейтін ақпараттарға толықтай тыйым салынған", - дейді ол.
Қаргі уақытта петицияға 35 мыңнан артық адам қол қойған екен.
Бір жынысты қатынас туралы дінде не айтылады?
Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының ресми сайтында ер кісімен жыныстық қатынасқа түскен ер және әйелмен жыныстық қатынас жасаған әйел өз табиғатына (фитраға) қайшы әрекет жасаған болып саналады деп жазылған.
"Алла Тағала о бастан адамзатты жұп етіп, яғни ер мен әйел етіп жаратқан. Ол жайында Құранда: "...сендерді бір кісіден жаратқан және одан оның жұбайын жаратып, ол екеуінен көптеген ер, әйелді таратқан Раббыларыңнан қорқыңдар" ("Ниса" сүресі, 1-аят), – деген. Сол секілді "Сендерді жұп-жұп етіп жараттық" ("Нәбә" сүресі, 8-аят) деп айтылған. Жаратушы Иеміз ер мен әйелді бір-бірін физиологиялық әрі рухани тұрғыдан толықтыру үшін жұп етіп жаратқан. Олар бір-біріне болған сүйіспеншілік негізінде өзара одақ құруы тиіс. Бұл одақтың ең басты мақсаты – дүниеге ұрпақ әкелу. Исламның бір жыныстағы адамдардың өзара жыныстық қатынасын қабыл етпеуі осы ұғымға негізделген", - делінген ҚМДБ мақаласында.