Фото: Vesti.kz
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті 2025 жылғы 11 наурызда кеңейтілген отырысында "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне дене шынықтыру және спорт, сондай-ақ артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасын қарастырды. Отырыста заң бастамашылары, Сенат комитеті депутаттары және аппарат қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды Ult.kz.
Бұл заң жобасы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес әзірленген. Оның басты мақсаты — дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнаманы жетілдіру және артық заңнамалық регламенттеуді болдырмау.
Заң жобасындағы негізгі жаңашылдықтар:
-
Олимпиадалық, Паралимпиадалық, Сурдлимпиадалық, Азиялық және Параазиялық ойындар нәтижелері бойынша басым спорт түрлерін анықтау.
-
Республикалық және өңірлік спорт федерацияларының мәртебесін ұлттық спорт федерацияларына өзгерту.
-
Жоғары жетістіктегі спортты, оның ішінде басым спорт түрлерін қаржыландыруды бірінші кезекте жүзеге асыру.
-
Ұлттық спорттық медицина және оңалту ұйымының қызметін заңның жеке бабында регламенттеу.
-
Қазақстан азаматтары емес спортшыларды бюджет қаражаты есебінен қаржыландыруға тыйым салу.
-
Спорт федерацияларын аккредиттеуге қойылатын талаптарды белгілеу.
-
Аккредиттелген спорт федерациялары үшін діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шараларын қабылдау міндетін енгізу.
-
Балалар-жасөспірімдер спорттық білім беру ұйымдарының жаттықтырушыларына аптасына 18 сағаттық оқу жүктемесін белгілеу.
-
Уәкілетті органның мемлекеттік спорт ұйымдары басшыларына ротация жүргізуі.
-
Олимпиадалық резервтің мамандандырылған мектеп-интернаттарына оқуға қабылдау қағидаларын бекіту.
-
Жергілікті атқарушы органдарға дене шынықтыру және спорт саласындағы нысаналы индикаторлардың тізбесін бекіту міндеті.
Сонымен қатар, заң жобасы Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің құзыретін шамадан тыс заңнамалық регламенттеуді болдырмауды көздейді. Бұл дене шынықтыру және спорт саласын реттеудің нормативтік негізін өзектендіруге және ұлттық заңнаманы одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді.
Парламент Сенатының тұрақты комитеттері заң тұжырымдамасына қатысты ескертулер мен ұсыныстар білдірмеді. Осыған орай, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті заң жобасын Сенат отырысының қарауына енгізуді және оны бірінші оқылымда мақұлдауды ұсынды.