26 сәу, 2022 сағат 12:21

Лавров: Ядролық соғыс қаупі бар, оны ескермеуге болмайды


Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавров жергілікті "Первый канал" телеарнасына берген сұқбатында, "қазір ядролық соғыс қаупі шынымен бар екенін және ол қауіпті жеткілікті деңгейде бағаламауға болмайтынын" айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Соған қарамастан министр, Мәскеу ядролық соғысқа жол жоқ деген ұстанымда екенін атап өтті.

"Бұл – нақты ұстанымымыз. Біз осыны негізге аламыз. Әрине, мен мұндайды қаламас едім. Құрметті саясаттанушыларға сілтеме жасай отырып айтқаныңыздай, тәуекелдер айтарлықтай және едәуір болғандықтан, мен бұл тәуекелдердің жасанды түрде тұтатылғанын қаламас едім, оны қалайтындар аз емес. Қауіп бар, ол шынайы, оны елемеу мүмкін емес" деді Лавров.

Сарапшылардың көбі Ресей Украинаға басып кіргенде елді санаулы күнде басып алуды жоспарлады деген пікір айтады. Бірақ Украина қарулы күштері тойтарыс беріп, соғыс үшінші айға ұласып отыр.

Әлемнің дамыған, демократиялық елдері осы соғысты бастағаны үшін Ресейге қарсы экономикалық санкцияларын күшейтіп, Украинаға қаржылай да, әскери техникамен де көмек көрсетіп келеді.

Қазір әлем елдері арасында жылдам жеңіске жете қоймаған Ресей тактикалық ядролық қару қолдана ма деген алаң бар. Ол алаңды Кремльдің кей қадамдары күшейтіп отыр. Атап айтқанда, соғыс басталғалы Ресей ресми түрде ядролық қаруларын жоғары дайындық деңгейіне өткізетінін мәлімдеді. Өткен аптада "Сармат" құрлықаралық баллистикалық зымыранын сынақтан өткізді. Мұндай зымыранды ядролық шабуылға қолдануға болады.

Бұған дейін америкалық сарапшы алпауыт державалар арасындағы ядролық қару жарысы адамзатқа бақылаусыз әскери қақтығыс қауіпін төндіретінін айтқан. Ол қазір ірі державалар арасында ядролық бәсекелестіктің жаңа раунды жүріп жатқанын, болашақта ол дүниежүзілік ядролық соғыстың тұтануына әкелуі мүмкін екенін атап өтті.