07 қар, 2017 сағат 10:44

Латын әліпбиіне көшу жөніндегі комиссияның жұмысына жан-жақты атсалысуымыз керек - Ерлан Саиров

Оңтүстік Қазақстан облысында əкімдіктің ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру: мемлекеттік тілдің латын қарпіне көшуі» тақырыбында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесу болып өтті. Жиынға саясаттанушылар Ерлан Саиров пен Талғат Қалиев, қоғам қайраткері Əміржан Қосанов пен журналист-сарапшы Руслан Желдібай қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Латын әліпбиін насихаттау мақсатында келген арнайы топ мүшелері оңтүстіктегі желі белсенділерінің ұсыныстарын естіп, сауалдарына жауап берді. Топтың жетекшісі саясаттанушы Ерлан Саиров Қытай мен Жапония елдерін мысалға келтіре отырып, дамыған мемлекеттердің халықаралық деңгейге шыққан кезде міндетті түрде латын графикасын пайдаланатынын атап өтті. Сонымен қатар латын әліпбиіне енудің рухани миссиясын, қоғамда құндылығымызды түсірмеуіміз керек деп айтып өтті. Бұл ретте елдегі азаматтардың ой пікірі ескеріліп, арнайы комиссияға ұсынылатынына тоқталды.

«Кезінде Ататүрік Еуропаға кіру үшін, өзінің бауырлас халықтарымен байланысты нығайту үшін осындай қадамға барды. Латын графикасына өтті. Ең бастысы, біздің елде де саяси шешім қабылданды. Осы саяси шешімнің аясында мәселені оңтайлы шешудің жаңа технологияларын, жаңа әдістерін қоғам болып бірге жасаймыз деген ойдамыз. Осы мәселені қарайтын мемлекеттік комиссияның жұмысына жан-жақты атсалысуымыз керек. Оның кемшілігі мен озық жақтарын айтып отыру қажет»,- деді Ерлан Саиров. 

Ал Англия елінде жоғары білім алып келген журналист-сарапшы Руслан Желдібай латын қарпіне көшу арқылы болашақ ұрпақ кез келген шет тілін оңай үйреніп, үлкен мүмкіндіктерге жол ашады деп отыр.

«Менің нақты сенімім бар, латынға өту қазақ тілінің тілдік қуатын күшейтеді. Мәселен, Африка елдерінің 80 пайызға жуығы латын қарпін қолданады. Ол елдер бірден дамып кеткен деген сөз емес. Ал, біздің Қазақстанымыз ол елдермен салыстыруға келмейді. Біздің жағдайымыз, әлеуетіміз жоғары. Әліпбидің қандай түрін таңдаймыз дегенде оны ғалымдар шешу керек деп ойлаймын. Ең бастысы, латын қарпіне көшуде қоғамда бірізділік, бірауыздылық бар деп айтар едім. Қалған мәселелер бейімдеу кезеңдерінде комиссия тарапынан қосымша шешіле бермек», - дейді Руслан Желдібай.