08 қар, 2017 сағат 09:07

Латын әліпбиіне ауысу - ұлттық сананың жаңғыруы

Латын әліпбиі - заман талабы. Бүгінгі таңда оның маңызы аса зор. Жаңа технология да, болашақ инновация да латын тілінде. Ендеше көштен кеш қалмауымыз үшін барлығымыз атсалысуымыз қажет. Бүгін ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ғалым Ақжол Қалшабек осылай мәлімдеді.

Мемлекет басшысы ағымдағы  2017 жылдың 27 қазанында қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Жарлық негізінде 2025 жылға дейін латын графикасына көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылатын болады. Осыған байланысты өткен баспасөз мәслихатында жан-жақты пікірлер айтылып, талқыға салынды.

Жаңа әліпбиге көшу туралы өз ойын ортаға салған ғалым Ақжол Қалшабек латын әліпбиі қазақ халқының ұлттық рухын жаңғыртатынын айтты.

«Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында халқымыздың ұлттық кодын айқындау, «Туған жер», «100 жаңа есім» сынды өзекті тақырыптар қамтылған болатын. Осылардың ішінде ең маңыздысы латын әліпбиіне көшу мәселесі еді. Латын әліпбиі жоғымызды түгендеп, жоғалтқанымызды табуға үлкен септігін тигізеді деп есептеймін. Осы ретте бүгінгі қазақ қоғамы латын әліпбиін тез меңгеруге дайын болуы керек», - деді Ақжол Қалшабек.

Сонымен қатар, брифингте сөз алған ҚР өзбектері «Достық» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов  Қазақстандағы өзге этнос өкілдері де латын әліпбиіне көшу бастамасын қолдайтындығын жеткізді.

«Бүгінде әлем халқының 4 млрд. 300 миллионға жуығы латын әліпбиін қолданады. Өйткені, латын тілі ежелден ғылым мен білім тілі саналды.  Демек, бұл - бүгінгі заманның талабы. Болашақ ұрпақ латын әліпбиі арқылы терең білім алып, ғылымға ұмтылуы тиіс», - деді Икрам Акрамұлы.

Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында латын әліпбиінің түркі халықтарының басын біріктіретін маңызды фактор екендігі айтылды.