12 сәу, 2017 сағат 12:19

Латын әліпбиін қолдану - мемлекетті өркениетті елдердің стандарттарына жақындата түседі - Марат Башимов

Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында еліміздің идеологиялық жұмыстарына аса мән берілген. Бұл пікірді белгілі заңгер Марат Башимов білдірді, деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Бүгін «Егемен Қазақстан» газетінде жарық көрген мақаласында Елбасы идеологиялық жұмыстарға баса мән беріп отыр. Жалпы, мақала мазмұны соңғы уақытта елімізде жүргізілген экономикалық, конституциялық, саяси реформалармен тығыз байланыста деуге толық негіз бар. Яғни, бұл мәселелер идеологиялық жұмыстармен қатар жүруі тиіс. Қазақстандықтардың ұлттық сана-сезімін отансүйгіштігін, көтеру қажет», - деді Башимов.

Оның атап өтуінше, ендігі уақытта қазақстандық отансүйгіштік мәселесіне баса мән берілуі тиіс.

«Қазір ақпараттық технологиялар заманы. Интернет, әлеуметтік желілерді дамыту біздің танымымызды барынша жоғары деңгейге көтеруге қызмет етуі қажет. Ел алдымен өзіміздің құқықтық сана-сезімімізді көтеруге тиіспіз. Біз Экономикалық  ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына, әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосылуға ұмтылуымыз керек», - деді танымал заңгер.

Дегенмен, оның атап өтуінше, мұның барлығына қол жеткізу үшін адами капиталды дамыту қажет.

«Мемлекеттік тілді, қазақстандық отансүйгіштікті, өз Отаныңа деген сүйіспеншілікті дамыту керек. Латын әліпбиін бүкіл  әлем елдері қолданады. Сондықтан оны қолдануымыз өркениетті елдердің стандарттарына мемлекетімізді жақындата түседі», - деді Башимов.


Барлық құқықтар қорғалған. inform.kz белсенді сілтемені пайдаланыңыз http://www.inform.kz/kz/elbasynyn-makalasynda-elimizdin-ideologiyalyk-zhumystaryna-asa-man-berilgen-marat-bashimov_a3016420