Заңдардың сапасына талап күшейеді
«Біз барлық күш-жігерімізді біріктірген кезде ғана елімізді лаңкестік қаупінен қорғайтын заң қабылдай аламыз», - деп мәлімдеді Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «Қазіргі кезеңдегі экстремизм мен терроризмнің алдын алу және терроризм қатерінің жолын кесудің заңнамалық және институционалдық шаралары» атты дөңгелек үстелде. Оның пікірінше, бүкіл қоғам бір ұстаныммен біріккен кезде ғана экстремизм мен терроризмге қарсы күрес нәтижелі болады.
«Еліміздегі және әлемдегі лаңкестік оқиғалар терроризмнің ұлты, діні, шекарасы жоқтығын көрсетті және ол барлық өркениетті әлемге ортақ қатер болып табылады, - деді Нұрлан Нығматулин. - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев бірнеше рет аса биік мінбелерден халықаралық терроризмнің қаупі күн сайын ұлғайып бара жатқанын ескертіп, адамзатқа ортақ жаумен күресуде барынша табанды және жүйелі қадамдар жасауға үндеді. Өткен жылдың қыркүйек айында БҰҰ-ның Бас Ассамблеясының 70-інші құрылтайында сөйлеген сөзінде Қазақстан басшысы терроризм мен экстремизмге қарсы күресте біртұтас жаһандық желі құруды, сондай-ақ осы саладағы халықаралық-құқықтық базаны жетілдіруді ұсынды».
Нұрлан Нығматулин Мәжілісте талқыланып жатқан «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын жан-жақты жетілдіруге мемлекеттік органдармен қатар үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми орталықтар, кәсіпкерлер қауымдастығы, діни бірлестіктердің өкілдері тартылғанын атап өтті. Ол дөңгелек үстел басына жиналғандарды аталған заң жобасы бойынша берілген ұсыныстардың барлығы мұқият қаралатынына сендірді.
Дөңгелек үстелде сөз сөйлеген Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров халықаралық терроризм мен экстремизм қатерінің кеңеюі Парламентте қабылданатын заңдардың сапасына жоғары талап қоятынына назар аударды. «Бұл саладағы заңнамалық деңгейдегі жұмыстар, ең бастысы діни экстремизм мен терроризмді тазалауға, бұл ретте біздің азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қатаң сақтау арқылы, оларды анықтаудың және жолын кесудің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ экстремистік және террористік қызметтің салдарын азайту және жою шараларын күшейтуге бағытталатын болады», - деп атап өтті Б.Бекназаров.
Ол сондай-ақ, Қазақстанның экстремистік идеологиялар мен лаңкестікке байланысты діндер мен оларға қарсы күштердің арасындағы диалогтың нығаюы үшін күш-жігерін аямай жұмсап келе жатқанын мәлімдеді. Бұған 2016 жылдың мамыр айында «Діндер терроризмге қарсы» тақырыбындағы халықаралық конференцияның өткізілуі дәлел бола алады. Бектас Бекназаров өз сөзінде мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың VI шақырылған Қазақстан Парламентінің екінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде еліміздің қауіпсіздігінің заңнамалық негіздерін нығайту мәселесін басты жұмыс бағыттарының бірі ретінде көрсетіп беруі кездейсоқ еместігіне тоқталды. Бұл ретте құрылтайдағы Елбасымыздың: «Әлемде бір де бір ел террористік шабуылдардан сақтандырылмаған. Террористік қатер Қазақстан үшін де ақиқатқа айналып отыр», - деген сөзін мысалға келтірді.
Қазақстанда теракті жасау қаупі сақталуда
«Қазақстанда теракті жасау қаупі сақталып отыр. Лаңкестік қылмыстар әскери жанжалдар жүріп жатқан жерлерден оралған, әскери тәжірибе жинаған және радикалдық көзқарасты ұстанушылардың қатысуымен жасалуы мүмкін»,- деп мәлімдеді дөңгелек үстелде Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Нұрғали Білісбеков. Еліміздің ұлттық қауіпсіздігіне жауапты органның өкілі соңғы 5 жыл ішінде террористік белсенділігі жоғары аймақтарға баруға ұмтылған 559 қазақстандықтардың жолы кесілгенін хабарлады. «Сирия-Ирак шекарасындағы әскери жанжал барлық Таяу Шығыстағы террористік күштердің белсенділігін арттырды. Қазіргі кезде әлемнің 80-нен астам елінен барған жаңа ерікті сарбаздар содырлардың қатарын толықтыруда. Осы орайда қазақстандықтардың да әскери жанжалдарға қатысуы тікелей қауіп төндіреді»,- деген ойымен бөлісті Н. Білісбеков.
ҰҚК төрағасының орынбасары әскери жанжалдардан отанына оралған содырлардың теракті жасау қаупі сақталатынын айтты. Ол бұл сөзіне дәлел ретінде соңғы кездері елімізде залалсыздандырылған радикалдық топтардың бір бөлігі халықаралық террористік ұйымдардың нұсқауымен іс-қимыл жасағанын мысалға келтірді. Оның айтуынша, Қазақстандағы басқа радикалданған топтар да ақпараттық насихаттың ықпалымен белсенді әрекеттер жүргізуге ұмтылған көрінеді. Бұл орайда радикалдық идеологияны ғаламтор желісінде таратудың ең маңызды мәселеге айналып отырғаны анық. Қазіргі кезде діни насихат пен террористік қызметтің тәсілдеріне баулитын ғаламтор ресурстардың үлкен жүйесі пайда болған.
Жастарды экстремистік ағымдардың арбауынан құтқару үшін ҰҚК ақпараттық салада жүйелі жұмыс жүргізуді бастаған. Атап айтқанда, экстремистік бағыттағы материалдардың тек қана ғаламтор арқылы таралуын анықтайтын, бақылайтын және жолын кесетін арнайы кешенді жүйе құрылған. Сонымен қатар, ресейлік әлеуметтік желілер: В Контакте, Одноклассники ру, Mail.ru және олардың батыстық әріптестері – Facebook, Twitter, YouTube-тің әкімшілігімен ынтымақтастық орнатылған. «Мұндай қадам ғаламтордағы террористік және экстремистік сипаттағы материалдардың айтарлықтай көп бөлігін жоюға мүмкіндік берді. Ғаламторда ай сайын террористік мазмұндағы 70 мыңға жуық материалдар пайда болады. Соның ішінде шамамен 400-дейі қазақстандық аудиторияға бағытталған. Жыл сайын ғаламтордағы ондаған мың бейне материалдар мен аудио жазбалар анықталып, бұғатталып, жойылады. Сондай-ақ, жүздеген бейне арналар, мыңдаған сайттар, көруге тыйым салынған анонимайзерлер жойылады»,- деп хабарлады Нұрғали Білісбеков.
Әмірлан Әлімжан