10 қаз, 2019 сағат 16:39

Лаңкестік аймақтан келген балаларды оңалтумен Білім министрлігі айналысады

Мемлекет лаңкестік белсенділік жоғары аймақтардан келген балаларға кепілдендірілген көмек көрсетеді. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сонымен қатар министрліктің лаңкестік белсенділік жоғары аймақтардан келген балаларды оңалтуға бағытталған шараларды үйлестіру және аталған санаттағы балаларға мемлекеттің кепілдендірілген көмегін көрсету үшін оларды өмірлік қиын жағдайда қалған тұлғаларға жатқызу құзіреті кеңейтіледі.

«Өздеріңіз де білесіздер, «Жусан» операциясы барысында Қазақстанға өте көп бала жеткізілген болатын. Оларға оңалту көмегі аса қажет. Мұның барлығы да қарастырылады», - деді министр Сенат депутаттарына «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын таныстыру барысында.

«Жусан» гуманитарлық операциясы - ауқымды акция. Бұл бастаманы Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды. 2018 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Сириядан қазақстандықтардың алғашқы легі биылғы 6 қаңтарда елге жеткізілген болатын. 7-9 мамыр күндері аталмыш елден Қазақстанның тағы 231 азаматы оралды. Кешенді шаралар нәтижесінде қақтығыс аймағынан елімізге жалпы 357 бала қайтарылды. 28-31 мамырда «Жусан» арнайы гуманитарлық акциясының соңғы кезеңі өткізілген еді.