05 қыр, 2016 сағат 21:52

Лаңкестер Балқаш маңындағы ресейлік әскери бөлімді жарып жібермек болған

Лаңкестер Балқаш маңындағы ресейлік әскери бөлімді жарып жібермек болған, - деп хабарлайды kaz.tengrinews.kz тілшісі ҰҚК өкілдеріне сілтеме жасап. 

"Маусым айында Қарағанды облысында радикал тұлғалардың бір-бірімен байланысқан топтарының әрекетіне тосқауыл қойылды. Бұл топтарға шетелден қазақстандық содырлар жетекшілік еткен. Олардың бірінің мүшелері қарулы қақтығыстар аймағына бармақ болған және Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтуі кезінде ұсталды. Олар бірнеше нысанды көздеген, олардың ішінде Балқаш маңындағы ресейлік әскери бөлім болған", - деп хабарлады ҰҚК өкілдері. 

Арнайы операцияның нәтижесінде бұл лаңкестік жоспарлардың жолы кесілді. Ұлттық қауіпсіздік органдарына жергілікті тұрғындар көмектесті. 

8 адам қамауға алынып, тағы біреуі ұстау кезінде өзін-өзі жарып жіберген. 

4 схрон табылды, оларды радикалдар Балқаш қаласының түбіне, Гүлшат елді мекеніне және Балқаш станциясындағы лаңкес тұратын үйдің бақшасына орнатқан. Бұл туралы лаңкестің ата-анасы білмеген.  

Схрондардан қару-жарақ, оқ-дәрі, қолдан жасалған жарылғыш заттардың бөлшектері, химиялық заттар, жарылыс жасауға арналған инициациялар, металл элементтер тәркіленген. 

Радикалдар жарылғыш заттарды дайындау үшін бұрандалар мен шегенің бастары бар тұрмыстық заттар қолданған. Адам жоқ жерлерде жарылғыш заттардың қуатын тексеру үшін тәжірибе де жасалған. 

"Топ мүшелері осындай екі жарылғыш зат жасаған, бұл хаттар "шахидтердің белбеуіне" ұқсас болған, олардың бірін радикал өзін-өзі жаруға қолданған. Тәркіленген заттар осындай 50 қолдан жасауға болатын құрылғы дайындауға жетеді. Біздің сарапшылардың бағалауы бойынша, жарылғыш заттардың мұндай мөлшері көпқабатты бір үйді жойып жіберуге болады екен", - деді ҰҚК өкілдері. 

Ведомствоның мәліметінше, ұсталғандарға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 24-бабы "Қылмысқа дайындалу және қылмысқа оқталу", 257-бабы "Террористiк топ құру, оған басшылық ету және оның әрекетіне қатысу", 287-бабы "Қаруды, оқ-дәрiлердi, жарылғыш заттарды және жарылыс құрылғыларын заңсыз иемдену, беру, өткiзу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру" және 288-бабы "Қаруды заңсыз жасау" бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. 

Еске салайық, Қарағанды облысында лаңкес өзін-өзі жарып жіберген еді. "2016 маусымда Балқаш қаласында және Қарағанды облысындағы Гүлшат елді мекенінде қолдан жасалған жарылғыш заттарды қолдана отырып, террористік актілер ұйымдастыруды жоспарлаған радикал топтың жолы кесілді", - деп мәлімдеген еді ҚР ҰҚК баспасөз қызметіндегілер.
Толығырақ:https://kaz.tengrinews.kz/kazakhstan_news/lankester-balkash-manyindagyi-reseylk-askeri-bolmd-jaryip-272445/
Материалды көшіріп басқанда Kaz.tengrinews.kz сайтына гиперсілтеме міндетті түрде қойылуы тиіс. Авторлық құқықты сақтаңыз.