06 нау, 2023 сағат 11:24

Land Cruiser-мен баланы басып кеткен зейнеткерге қатысты сот үкімі шықты

© Sputnik

Құлсары қаласында 11 жастағы баланы басып өлтірген зейнеткерді түрмеге қамауға шешім шығарылды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан сайты "Ақ Жайық" порталына сілтеме жасап.

Қылмыстық іс Жылыой аудандық сотында қаралды. 73 жастағы ер адам өз кінәсін мойындады. Сотта жол апаты болған жердегі бейнежазбалар да көрсетілді. Сараптаманың нәтижесі жарияланды. Соның барлығы зейнеткердің кінәсін растап отыр. Прокурор оны 2 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Ал адвокаты заң бойынша үкім шығаруды өтінді.

Судья зейнеткердің жасын, денсаулығын, шын жүректен өкінетінін ескерді. Моральдық шығынды да өтеп берді. Оны екі жарым жылға бас бостандығынан айыруға шешім шығарылды. Оған қоса, 3 жыл бойы көлік жүргізуге тыйым салынып отыр.

Айта кетейік, 20 қазанда таңғы сағат 8:00-де Құлсары қаласында 5-сынып оқушысы "Көктем" дүкенінің жанында жолды кесіп өтпекші болған. Сол кезде оны Toyota Land Cruiser Prado мінген зейнеткер басып кеткен. Бала оқиға орнында қайтыс болды.