Қызылорда облысындағы «СКЗ-U» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде қызмет атқаратын 260 адамның 99 пайызы коронавирусқа қарсы вакцина салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Серіктестік еліміздегі уран өндіруші компанияларды күкірт қышқылымен қамтамасыз етеді. Өндіріс орнында 260 адам жұмыс істейді. Бүгінде компанияның 3 қызметкері ғана денсаулық жағдайына байланысты әзірге екпе салдырмаған.
«Күкірт қышқылы зауыты үзіліссіз жұмыс істеп тұр. Сондықтан қызметкерлердің қауіпсіздігі үшін екпеге қатысты шаралар кең ауқымда және кешенді түрде жүргізілді. Екпе шаралары басталған алғашқы уақытта санитарлық-эпидемиологиялық сала мамандарын зауытқа арнайы шақырттық. Бастапқыда оларға қойылған сауалдар аз болған жоқ. Дәрігерлер кеңесінен кейін жұмысшылар қабылдай бастады», - деді компанияның өндірістік қауіпсіздік жөніндегі бас техникалық жетекшісі Дүйсен Шардарбеков.
Компания тарапынан екпе алған әрбір қызметкерге екі күн демалыс пен 15 мың теңге сыйақы берілген.
Одан өзге әртүрлі номинация тағайындалып, қызметкерлерге заттай сыйлықтар да табысталған. Тіпті зауыттағы қызметкерлер арасында өзара жарыс ұйымдастырылып, нәтижесінде толық екпе алған бөлімдер де болған.
«Аталған шаралар қызметкерлерімізді ынталандыру үшін жасалды. Мамандарға ыңғайлы болу үшін медицина қызметкерлері вакцинаны зауытқа келіп салды. Жұмысшыларға тағы бір тиімді тұсы – олардың алдында бірінші компонентін жұмыста, екіншісін өзге жерде аламын деген мәселе болған жоқ. Себебі вахталық әдіспен бір ай жұмыс істегендіктен екі компонентті де бір жерден алды», - деді компания маманы.
Бүгінде «СКЗ-U» ЖШС-да жұмыс істейтін 260 қызметкердің 257-сі бірінші компонентін, 253-і екінші компонентін салдырған. Ал қалған үш қызметкерге дәрігерлер денсаулығына байланысты әзірге рұқсат бермей отыр.
«Олар денсаулығы жақсарған соң алатынын айтты. Жалпы қызметкерлеріміз өздерінің ғана емес ұжымдастарының, сондай-ақ туған-туыстарының денсаулығы үшін вакцина алудың қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінеді. Вакцина алуда белсенді болуы да осы азаматтық ұстанымын көрсетеді», – деді Д. Шардарбеков.
Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ғалымбек Жақсылықов өңірде ұжымдар арасында аталмыш мәселеге қатысты түсіндірме жұмыстары тұрақты жүргізіліп жатқанын айтты. Бүгінге дейін облыста кәсіпкерлік субъектілерінде жұмыс істейтін 14 мыңға жуық азамат вацина салдырған.