19 шіл, 2021 сағат 14:15

Қызылордадағы балалар ойын-сауық орталығында жарылыс болды


Қызылордадағы балалар ойын-сауық орталығында жарылыс болды. Орталықтың бірінші қабаты өртке оранды, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қызылорда облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жарылыс бүгін сағат 7.20 шамасында болған.

"Жарылыс толқыны салдарынан ойын-сауық орталығының маңындағы 50 шаршы метр аумақта орналасқан ағаш сарай мен шатыр опырылып, Жеңіс көшесіндегі көрші үйдің терезелері де бүлінген.

Өрт қызметінің бірінші бөлімшесі оқиға орнына жергілікті уақыт бойынша 7.24-те келді, барлаудан кейін өртті сөндіруге кірісті. Жарылыс салдарынан өрт 200 шаршы метрлік балалар ойын-сауық орталығының бірінші қабатын шарпыған", - делінген хабарламада.

Оқиға орнына жедел жеткен «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Қызылорда филиалының қызметкерлері, газ қызметінің авариялық-диспетчерлік бригадасының мамандары «Пумба» кафесін және осы ғимаратқа жақын тұрған үйді газдан ажыратқан.

Құтқарушылар өртті 7.44-те оқшаулап, 8.15-те толығымен сөндірді. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.

"Өрттің шығуының алдын ала себебі - табиғи газдың шығуы", - деді ТЖД өкілі.

Өртті сөндіруге Қызылорда облысы ТЖД-ның 48 қызметкері мен 12 техникасы, полиция департаментінің 8 қызметкері мен 3 техникасы, жедел медициналық жәрдем бригадасының 9 қызметкері мен 3 техникасы, "ҚазТрансГазАймақ" АҚ-ның 2 қызметкері мен 1 техникасы, "ҚЭТК" АҚ-ның 2 қызметкері мен 1 техникасы жұмылдырылды.