Фото: Pixabay
Қызылорда қаласында мектеп оқушысының сексуалдық қанауға ұшырауы қоғамды елең еткізген ауыр іс ретінде әлі де назардан түспей тұр. Бұл оқиға тек бір отбасының қасіреті ғана емес, жасөспірімдер қауіпсіздігі мәселесін қайта көтерген дабыл, деп хабарлайды Ult.kz.
Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов істің тергеу барысы жөнінде мәлімдеме жасап, жәбірленушіні қанауға қатысы бар тұлғаларға қатысты материалдар бөлек өндіріске бөлінгенін айтты. Оның сөзінше, зорлық-зомбылық фактілері бойынша негізгі айыпталушылар сотталған. Алайда жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түскен өзге тұлғаларға қатысты тергеу жалғасып жатыр.
«Бірқатар баптар бойынша тергеу аяқталды. Кінәлілер сотталды. Бірақ басқа фигуранттарға қатысты тергеу амалдары жүргізілуде», – деді ол.
Министр орынбасары соталды тергеп-тексеру деректерін жариялауға тыйым салынатынын еске салып, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексі 201-бабына сілтеме жасады. Сондай-ақ жәбірленушінің жеке деректерін жариялау мәселесін оның өзі шешуге құқылы екенін атап өтті.
Бұған дейін 16 жастағы қызды сыныптастары жезөкшелікке мәжбүрледі деген күдік қоғамда үлкен резонанс туғызған еді. Жәбірленушінің анасы қызының мінез-құлқындағы өзгерістер белгілі бір сыныптасымен жақын араласа бастағаннан кейін байқалғанын айтқан. Кейін жасөспірім өзі де оқиғаның қалай өрбігенін баяндап берген.
Бұл іс тек қылмыстық жауапкершілік туралы мәселе емес, бұл мектептегі орта, жасөспірімдер арасындағы ықпал, ата-ана мен қоғам бақылауы, сондай-ақ кәмелетке толмағандарды қорғау тетіктерінің әлсіз тұстары туралы күрделі сұрақтарды алға тартады.
Қоғам назарын аударған басты мәселе – жәбірленушіні пайдаланған тұлғалардың толық жауапкершілікке тартылуы. Тергеу аяқталған соң, олардың әрекетіне құқықтық баға берілмек.
