26 ақп, 2026 сағат 10:53

Атырауда мектептегі жанжалдан кейін 15 жастағы оқушы жоғалып кетті


Фото: azh.kz


Атырауда 15 жастағы оқушы Інжумаржан Қуанышқызына іздеу жарияланды. Бұл туралы Ақ Жайық басылымы хабарлады.


Қыздың анасы оның жоғалуын мектеп әкімшілігімен болған жанжалмен байланыстырады. Анасының айтуынша, оқу жылының басында қызын жаңа мектепке ауыстырған. Алайда көп ұзамай оқушы мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары арасында түсініспеушілік туындаған. Әйелдің сөзінше, кейін сынып ішінде қызына қарсы түсініктеме жинау басталған. Осы жағдайға байланысты ол e-Otinish порталы арқылы ресми шағым түсірген.


«Қызыма директордың орынбасары тарапынан қысым жасалды. Сыныптастарын оған қарсы түсініктеме жазуға мәжбүрледі. Кейін құжаттарын алып кетуге итермеледі», – дейді анасы.



19 ақпанда мектептен қоңырау түскен, алайда анасы жұмыс орнында болғандықтан жауап бере алмаған. Келесі күні мектепке барғанда оған оқушылардың жазбаша түсініктемелері көрсетіліп, қызының құжаттарын алу қажеттігі айтылған.


Осыдан кейін қыз үйіне келген. Алайда біраз уақыттан соң пәтерден қайта шығып кетіп, содан бері оралмаған. Қазіргі уақытта кәмелетке толмаған жасөспірімге іздеу жарияланып, оны полиция іздестіріп жатыр.


Басылым мәліметінше, 10 «П» сыныбының ата-аналары да директордың орынбасарының жұмыс тәсілдерін тексеруді сұрап, ұжымдық өтініш жолдаған. Өтініште оқушылардан әртүрлі себептермен түсініктеме жаздыру, сыныпты тарату туралы ескерту жасау, балалардың телефондарын сабақ бойы алып қою және мәселе талқыланған кезде ата-аналар чатын жабу деректері көрсетілген.