Фото: Ақорда
Бүгін Қызылордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы басталды, деп хабарлайды Ult.kz.
Құрылтайдағы талқылауға танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері, саяси партиялардың, үкіметтік емес сектордың, бизнес-қауымдастықтардың, сараптамалық қауымдастықтың және облыстардың қоғамдық кеңестерінің өкілдері келді.
Мемлекет басшысы Құрылтайда сөйлеген сөзінде өткен жылды елдің бірлігінің арқасында табысты аяқтағанын айтып, экономикалық және әлеуметтік көрсеткіштерге тоқталды.
Президенттің айтуынша, 2025 жылы Қазақстан экономикасы 6,5%-ға өсті. Елдің ішкі жалпы өнімі 300 миллиард доллардан асты, ал жан басына шаққандағы көрсеткіш Тәуелсіздік тарихында алғаш рет 15 мың долларға жетті. Бұл – бүкіл Орталық Азия бойынша рекордтық нәтиже.
Ұлттық қордың валюталық активтері 5 миллиард долларға ұлғайып, алтын-валюта қоры 65 миллиард доллардан асты. Шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі 40%-ға жақындаған. Халық саны 20,5 миллионға жуықтады, ал азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетті.
Мемлекет басшысы қоғамдағы өзгерістер мен реформалардың тұрақты сипатқа ие болғанын, халық сана-сезімінде үлкен бетбұрыс орын алғанын атап өтті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың ел өміріндегі рөлін ерекше атап, төрт жыл ішінде құрылтай мүшелерінің маңызды бастамалар көтергенін, оның нәтижесінде 26 заң қабылданғанын жеткізді.
«Әйелдердің құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, лудомания мен нашақорлыққа қарсы күрес, ономастика саласындағы жұмыстар, мемлекеттік наградалар жүйесін жаңарту – барлығы құрылтайдың белсенді бастамаларының нәтижесі», – деді Президент.
Мемлекет басшысы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын құндылықтарды айқындағанын, ұрпаққа зиян келтіретін кеселдерге тосқауыл қойғанын және ішкі саясат саласын ретке келтіру бағытында тиісті құжаттарды белсенді іске асыру керектігін мәлімдеді.
