28 нау, 2021 сағат 08:48

Қызылордада тұратын үнді қызы: Қазақ әндерін орындауды ерекше ұнатамын

Қызылорда қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқитын үнді қызы Айшани Даттатрея қазақ әндерін ерекше жақсы көреді. Қазақстанда дүниеге келген ол Абай өлеңдеріне жазылған әндерді ерекше шабытпен шырқайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айшанидің музыкаға қызығушылығы ерекше. Көп жағдайда орыс, украин, ағылшын, француз, хинди және қазақ тіліндегі әндерді орындайды. 

«Ең ұнайтыны - қазақ халқының әндері. Олар өте әуенді және терең мағынасы бар. Жақсы істерге, өмірге қуануға және бір-бірімізді сыйлауға шақырады. Оны көпшілікке насихаттауға өз септігімді тигізгім келеді», - дейді Айшани.

 

Оның әкесі - Халлимайсор Даттатрея үнді ұлтының өкілі. Ата-анасы Алматыда бір-бірін кезіктірген. Бүгінде Қазақстанда 18 жылдан астам уақыт тату-тәтті өмір сүріп келеді. 

«Қазақтар - өте кең жүректі, бауырмал халық. Ынтымағы жарасқан елдің бір бөлігі болғаныма қуанамын», – деп ойын бөлісті Халлимайсор Даттатрея. 

Бұл отбасындағы барлық адам өнерге жақын. Үлкендері де вокалмен айналысса, балалары музыкалық аспапта ойнаудың шебері. Дегенмен Даттарея отбасындағы басты қағида - білімге ерекше ден қою. Бүгінде Айшани мен ағасы Раджив өңірдегі Зияткерлік мектептің озат оқушылары. Келешекте Айшани ғылымның сырын ашып, атақты биолог ғалым болуды армандайды.