09 қар, 2020 сағат 17:02

Қызылордада тойханалар өндіріс орындарына айнала бастады

Қызылорда облысында тойханалар кәсіпкерлік және өндіріс орындарына айнала бастады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Бүгінгде облыста жалпы саны 128 тойхана бар. Пандемияға байланысты төтенше жағдай мен карантиндік шараларға сәйкес бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысымен тойханалардың қызметіне тыйым салынды. Бұл қауіпті дерттің алдын алу және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданып отыр. 

Қызметіне тыйым салынған кәсіпкерлік нысандарын қайта жандандыру және басқа салаларға бағыттау мақсатында облыс әкімдігінің «Қызылорда облысының 2023 жылға дейінгі экономикалық даму жоспары» әзірленді. 

«Жоспар аясында 10-нан аса тойхана қызметтерін өзге салаларға бағыттады. Атап айтқанда, Арал ауданындағы «Ақниет» тойханасы киім-кешек сататын сауда нысанына айналды. Ал, Қармақшы ауданындағы «Алтын Ғасыр» тойханасы енді отбасыға арналған киімдер сататын сауда орталығы болды. Сол аудандағы «Мәлике Ана» тойханасы енді балалар ойын алаңы мен кондитерлік өнімдер өндіретін цехына ауыстырылды. Қызылорда қаласында орналасқан «Ұлытау» тойханасы шырындар мен сусындар өндірсе, «Oрдa» тойханасы автоматтандырылған лаваш шығару өндірісін іске қосады», - деп мәлім еттті облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы. 

Сондай-ақ, бірқатар тойханалар өз бағытын құс шаруашылығына ауыстырмақ ниетте. Оған қоса өз ісін құрылыс материалдары дүкеніне, медицина орталығына қайта бағыттап жатқан тойханалар бар.